08.06.2021, 18:20

Әсем Құлманова: Қоғамның «маскасын» шешкіміз келеді

6 маусым күні елордада «Tauel[di]siz» шығармашылық бірлестігі «BETPERDE» атты заманауи өнер кешін өткізді.

6 маусым күні елордада «Tauel[di]siz» шығармашылық бірлестігі «BETPERDE» атты заманауи өнер кешін өткізді.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, М.Мақатаевтың 90 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған кеште Мақпал Жұмабай, Ықылас Ожай, Тілек Ырысбек, Жұлдыз Молдағали, Алтынбек Мерсадық, Жандос Жүсіпбек, Бауыржан Майтай сынды Тәуелсіздіктен бергі ақындардың поэзиясы оқылды.

Сонымен қатар, кеш барысында түркі тілдес және еуропалық халықтар әндері қазақ тілінде қайта жаңғыртылып, төл тілде орындалды. 

Жастардың үнін жеткізуді мақсат еткен заманауи өнер кешінде музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен поэзиялық номерлер ұсынылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара алғаш рет 2019 жылы ұйымдастырылған. Ал 2020 жылы карантинге байланысты  өтпеген. 

Жобаның музыкалық продюсері Тұрсынбай Сардаров биыл жоба жаңарып, айтарлықтай өзгергенін айтады. Бүгінде қаланың түкпір-түкпірінде өтіп жатыр. Бастысы, халықтың қолдауы маңызды.

Біздің шарамыз ешкімнің қолдауынсыз өтіп жатыр. Бүгінгі іс-шара жастардың үнін таныта алатын бірден-бір құралымыз. Неге десеңіздер, жас балалар көбіне цензураға ұшырап жатады. Көп дүниені айтуға болмайды, шектеу көп, түсінбей жататындар бар. Жастар деген осындай болуы қажет деп, жастарды белгілі бір шеңбердің төңірегіне тығады. Ал біз соны бұзып шыққан жас болып, осындай тамаша кешті ұйымдастыруды көздедік, - дейді ол.

Жоба ұйымдастырушыларының бірі Әсем Құлманова «қазақша өлеңдер қызық емес, қазақ әдебиеті іш пыстырарлық» деген стериотиптерді өзгерткіміз келді, дейді.

Бізден «Бұл жобаны, концертті не үшін ұйымдастырып жатырсыңдар? Сендерге қандай пайда түседі?» деп сұрап жатады. Бірақ біз пайда табуды көздеген емеспіз. Абай атамыз «Өлеңге әркімнің ақ бар таласы» десе, мен оны «Өнерге әркімнің ақ бар таласы» деп өзгерткен болар едім. Өйткені, көңілін күйбең тіршілік жұбата алмайтын, жаны ас ішіп, ұйықтаудан ғана рахат таппайтын, жәй өмірдің ағымымен жүре бастаса кеудедегі жүрегі бұлқынып байыз таптырмайтын кез келген адамның өнерге қосар өз үлесі бар. Мейлі ол өнер саласының маманы болмасын, мейлі ол кәсіби түрде білім алмасын. Ішті жарып шығатын өнер кәсібилікті қажет те етпеуі мүмкін. Өйткені онда қатып қалған қағида, бекітілген норма жоқ. Оларды тек адамдар өз қолдарымен жасайды. Өнер ол махаббат сияқты. Ал махаббат ережеге бағынбайды ғой. Біз де сол ұстанымды қолдаймыз. «Tauel[di]siz» жобасында кастингтен өткен қатысушыларға да біз қатты талаптар қойған жоқпыз. Ең бастысы, өнерге деген құрметі, махаббаты, талпынысы болса, болды, - дейді ол.

Ол негізгі назарға алған бағыттың бірі - қазақша контентті көбейтуге, оның заманауи сипатта дамуына үлес қосу екенін айтады.

Басты акцентті поэзияға қойдық. Өйткені поэзия адамның ішкі тебіреністері мен толғаныстарын керемет жеткізеді. Және ол тұрғыдан келгенде біздің қазақша жазатын ақындарымыз әлемдік тенденциядан еш қалыспайды. Тек оны саралап таңдап, түсіне білу керек. «Қазақша өлеңдер қызық емес, қазақ әдебиеті іш пыстырарлық» деген стереотиптердің өзгерткіміз келеді. Біздің поэзия да елдегі ғана емес, әлемдік жағдаяттарға үн қоса алатынын көрсетсек дейміз. Ал поэзия өнердің кез келген саласымен біте қайнасқан. Сондықтан біз де өлеңді музыкалық аспаптармен, бимен, рэппен байланыстыра отырып, өзгеше коллаборация жасадық. Негізгі мақсаттың бірі тәуелсіз ойға, өнерге жету. Қоғамда, саясатта, тіпті қарапайым өмірде бетперденің артына жасырынып жүретіндер көп. Сондай екіжүзділіктің, тәуелділіктің кесірінен тіл, адам мен ой бостандығы, ғалам мен жер зардап шегуде. Солардың маскасын шешкіміз келеді. Әлі де үлкен жоспарлар бар. Қолдау танытамыз деген өнер жанашырларына әрқашан ашықпыз, - дейді ол.

Кештің негізгі мақсаты –  экология, қазақ тілі, гендерлік теңдік тәрізді әлемдік, отандық мәселелерді көтеру, адамның ішкі моральдық сұрақтарына үңілуіне жол ашу, төл тіліміздегі өнер кеңістігінің кеңеюіне үлес қосу. 

Өнер кешіне белгілі қаламгерлер, тәуелсіз ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.