Танымал актер Бекжан Тұрыс ішімдік ішкен күні, амалсыз сахнаға шыққан күндері туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz Аман Тасығанның "Ең алғашқы" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Актер Кеңес үкіметі кезеңінде ішімдік ішпеген адам ілуде біреу болғанын алға тартады. Алайда солай екен деп қу арақтың соңынан кеткен жоқпын, дейді өзі. Десе де, ішімдіктен ұрттап, сахнаға шыққан кезі болғанын жасырмай айтты.
"Қызыққа қызып алып деп айтпай-ақ қояйық, бүгін менің спектаклім жоқ, бірақ артынан құрамдағы адам болмай, ауысу керек болған кезде, аузымнан иіс шығып барғаным шындық", - дейді Бекжан Тұрыс.
Актер сұхбат кезінде анасын еске алды. Жарық дүние сыйлаған жанға тірі кезінде жақсылық жасай алмадым, деп өкінді.
"Мақтанышым – анам. Өзі ешкімге ұқсамайтын, момын, көбірек ақыл айтатын, ақылдың өзін жай ғана жеткізетін.
Әттеген-ай, анам өмірден өтіп кетті. Анамның үмітін ақтадым ба, оны өзінен сұрау керек еді. Бірақ анамның жақсы істерін ақтай алдым деп айта алмаймын. Еркелеу болдым, мені көп еркелетті. Адамда тал бесік, ел бесік деген бар. Ел бесікте де еліме еркелеп жүрмін. Көп еркелеп қойған шығармын. Тіршілікте жүргенде көп нәрсенің қадіріне жете бермейміз ғой. Оның бәрі бекершілік екен. Оның бәріне төреші - уақыт. Анама не істей алдым? Шіркін-ай, еркелегеннен гөрі, анама көбірек жақсылық жасауым керек еді. Бұл - жалғыз менің емес, анасынан айырылған барлық жанның өкініші" - дейді Бекжан Тұрыс.