Бүркіт пен Аиша - қазақ эстрадасындағы жағымсыз пікірге өте сирек ілігетін жұп. Әрдайым елдің көңілін көтеріп жүретін жұптың жанұясына жұрт қызыға да, қызғана да қарайды.
2010 жылы отау құрған Бүркіт пен Аишаның бүгінде қос ұлы мен бір қызы бар. Динара Сәтжанның "100 сұхбат" бағдарламасында Бүркіт пен Аиша балаларын қалай тәрбелейтінін айтып берді. Бір қызығы, отбасын құрғанға дейін Бүркіт те, Аиша да бала асырап алуды армандаған. Аишаның бұған өз себебі бар. Бала кезінен жалғыз өскен ол үлкен отбасылы болуды армандапты. Алайда уақыт өте келе, бала тәрбиелеудің қиын іс екенін түсінген ол асырап алу туралы ойынан айныған.
"Кейде өз балаларыма да жеткілікті дәрежеде көңіл, уақыт бөле алмаймын. Сондықтан оған әлі дайын емес сияқтымын", - деді ол. Сол сияқты Бүркіт те Аишамен отбасын құрғаннан кейін, шеттен бала алу туралы ойынан бас тартқан. Ал өз балаларына келгенде Бүркіт қатал әке болып шықты. Тіпті, қажет болған жағдайда белдікпен қорқытатыны бар екен.
"Қатал сөйлейді. Ер адам болғаннан кейін, айтқан сөзінің бірден орындалғанын қалайды. Екінші жағынан, балаларым сарбаз емес қой. Олар да енді өмір сүруді үйренуде. Бұл тақырыпта үнемі таласып қаламыз. Кейде мен келісемін. Кейде "араларына неге түсемін?" деген ой келеді. Бірақ өзіңді ұстау қиын", - деп ағынан жарылды Аиша. "Мен балаларыммен сөйлескенде, сен араласпа" деп айтып отырамын", - дейді Бүркіт. Қосы ұлын әскери тәртіпке салғысы келетін Бүркіт кенже қызы дүниеге келгенде өзгеріп шыға келген.
"Қыз балаға жұмсақ болуға тырысады", - дейді Аиша.
"Бірақ тоқтамай жылай бастаған кезде..." - деп басын шайқады Бүркіт.