$ 494.87  520.65  4.91

Түрік телеарналарының бірі қазақстандық «Томирис» фильмінің сюжеті бойынша сериал түсірмек

Қыркүйекте массагет патшайымы туралы фильм Түркия кинотеатрларында көрсетіліп, көрермендердің қызығушылығын туғызған. Фильм Түркияның 200-ден аса кинотеатрларында көрсетілді.

Қазақстан мен Түркия режиссер Ақан Сатаевтың "Томирис" фильмінің сюжеті бойынша бірлескен тарихи сериал түсіруге ниет білдіріп отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың жақында Ыстамбұлда өткен Korkut Ata Turkic World Film Festival аясында түрік арнасы өкілдерімен кездесуінен кейін белгілі болды. Кездесуге "Қазақфильм" киностудиясының басшылығы - президент Ақан Сатаев пен вице-президент Айдар Баталов қатысты.

"Қорқыт ата" фестивалінің шымылдығын салтанатты түрде ашқан "Томирис" фильмі түрік жұртшылығына жақсы таныс екенін айта кету керек. Қыркүйекте массагет патшайымы туралы фильм Түркия кинотеатрларында көрсетіліп, көрермендердің қызығушылығын туғызған. Фильм Түркияның 200-ден аса кинотеатрларында көрсетілді.

Сонымен қатар, фестиваль аясында түркі әлемі елдерінің кинематография саласындағы ынтымақтастығын дамытуға жаңа серпін беретін маңызды құжатқа қол қойылды. Келісімге Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Әзірбайжан Республикасының мәдениет министрі Анар Керімов, мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Азамат Жаманқұлов, "Өзбеккино" ұлттық агенттігінің бас директоры Фирдавс Абдухаликов және Түркияның мәдениет және туризм министрі Мехмет Ерсой қол қойды.

Құжат аясында тараптар түркі әлемі киноиндустриясына қолдау көрсететін бірлескен қор құруға келісті.

Сондай-ақ, фестиваль аясында Ақтоты Райымқұлова "Қазақфильм" киностудиясының басшылығымен бірге белгілі түрік кинематографистерімен және фестиваль қатысушыларымен кездесіп, бірлескен киножобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Еске салайық, биыл Түркияның мәдениет және туризм министрлігі алғаш рет ұйымдастырған Korkut Ata Turkic World Film Festival-де 13 елден 42 кинокартина көрсетілді. Байқау бағдарламасында "Қазақфильмнің" келесі фильмдері көрсетілді: режиссер Рүстем Әбдірашовтің "Қазақ хандығы. Алтын тақ" деректі фильмі, режиссер Бақыт Қайырбековтің "Огонь, мерцающий в сосуде" деректі фильмі, режиссер Адай Әбелдиновтің "Күлтегін" толық метражды анимациялық фильмі, режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің "Аманат" кинотаспасы және т.б. бар.

Фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі кезінде "Қазақфильм" киностудиясы түркі әлемі кинематографиясына қосқан үлесі үшін арнайы сыйлықпен марапатталды. Белгілі түрік актрисасы Фахрие Эвджен киностудия президенті Ақан Сатаевқа Respect Award мүсіншесін табыстады.

Келесі жылы фестиваль Түркияның Бурса қаласында өтеді. 2024 жылы оны Қазақстанда өткізу жоспарланып отыр. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова фестиваль Түркістанда өткізілуі мүмкін екенін атап өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары