$ 449.58  486.94  4.86

Шымкент әкімінің жүлдесі «Ханшайымға» бұйырды

Шымкент – өнерді ұлықтай білген қала. Дәстүрлі республикалық көңілді тапқырлар клубының кешіне жиналған елдегі таңдаулы құрамалар сахналық қойылымдарында осы ұғымды басты тақырып өзегі етті. «Шымкент қаласы әкімінің жүлдесі» үшін өткен бұл жолғы ойындар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. «Түркістан» сарайындағы көрермендерін күлкімен көмкерген көңілді кешті Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та тамашалады.

КТК ойындарын «Қазақстан КВН Одағының» президенті Есен Елеукен жүргзіп отырды. 

Әзілкештер сайысына Семей, Орал, Қарағанды, Талдықорған, Қызылорда, Тараз, Алматы қалалары мен Оңтүстік өңірдің Шымкент, Түркістан, Жетісай қалаларынан барлығы 11 команда қатысты. 

Сәлемдесу сынында кешегі сал-серілерден қалған «соңғы тұяқтың» рөлін сомдаған семейлік «Достар» тобының ойыншысы Олжас Тұрғалидың «Бұл өмірден не пайда, Шымкентте ғұмыр кешпесең...» – деп толғануы жиналған көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады. 2 сағатқа созылған әзіл сайысында командалар ой ұтқырлығы мен қағытпа қалжыңның өзіндік үлгісін танытты.

– Бүгінде айтар әзіл-қалжыңың өткір де жарасымды, шынайы болмаса, көпшілікті таңғалдыру қиын. Заман талабына сай көрерменнің талғамы өзгерген. Адамдардың көбі әзіл-қалжың мен сатиралық шығармалардың мәнін, ерекшелігін түсіне бермейді. Сол себепті, мақтамен бауыздағандай, өмірде болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарды сатира арқылы, яғни ащы күлкімен жеткізуге тырысамыз, – дейді алматылық «Ханшайым» құрамасының жетекшісі Рысбала Мейрамханқызы.

Көрерменін күлкіге көміп, жанын жадыратқан жас өнерпаздар өнерін таразылау қазылар алқасына жүктелді. Нәтижесінде, әділқазылар шешімімен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Ханшайым» командасы (300 мың теңге) қала әкімінің кубогын иеленді. Ал жүлделі І орынды (200 мың теңге) Шымкент қаласының «Байдың балалары» құрамасы жеңіп алса, ІІ орын Алматының «АТУ құрамасына» (150 мың теңге), ІІІ орын (100 мың теңге) Ақмола облысынан келген «Қорғалжын» құрама командасына бұйырды. Ерекше тартымдылығымен көзге түскен «ХҚТУ тарифі» жайдарман тобының ойыншысы Бекұлан Жолдықожа ойындағы «Үздік әзілкеш» номинациясына ие болды.

Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Жас таланттарды шыңдап, жаңа табыстарға ынталандырған көңілді тапқырлар кеші алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары