$ 444.22  476.38  4.82

"Үй шаруасын дөңгелетуді атам үйреткен": Айдарбекованың келіні отбасылық өмірі жайлы айтты

Бойжеткеннің болашаққа жоспары көп болған.

Гүлзира Айдарбекованың ортаншы келіні Әйгерім Саркенова жұбайымен таныстығы, отбасылық өмірінің алғашқы жылдары жайлы айтты. Сөзінше, енесі Гүлзира Айдарбекова жұмыс бабымен үнемі басқа қалада жүретіндіктен, үй шаруасын дөңгелетуді қайын атасы Нұртас Айдарбеков үйреткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әйгерім студенттік шағында белсенді болғанын айтады. Бойжеткеннің болашаққа жоспары көп болған. Алайда керемет жоспарларын жұбайы Аян бұзған көрінеді.

"Оқу, ағылшын, дебаттар, жұмыс, спорт, саяхат. Ата-анамның арқасында менде барлығы болды. Оларға деген алғысымды білдіру үшін бұл өмірде өз орным бар екенін көрсеткім келді.

Сосын осы жігіт пайда болып, менің басымды айналдырып алды. Иә, біз бір мектепте оқыдық, жақсы дос болдық. Бірақ біраз есейген соң ғана кездесе бастадық. 

Табанды, өзіне сенімді, өмірден не қалайтынын білетін, қамқор Аян көп ұзамай маған бас тарта алмайтындай ұсыныс жасады", - деп ағынан жарылды Әйгерім Саркенова.

Бұдан кейін Аян Нұртас пен Әйгерім отбасын құрып, Еуропаға бал айына аттанған. Әйгерім жұбайын өзге қырынан танып-білгенін, тіпті танымай қалғанын айтады. Әйтсе де, екі жас алғашқы қиындықтарды еңсере білген. 

"Бал айынан үйге қайтып, осындай керемет отбасының мүшесіне айналдым. Өмірімнің жаңа бөлімі осы кезден басталды.

Әкеміз айтқандай, Канаданың орнына ВХУ-ға оқуға түстім. Ол не десем, "Высшее хозяйственное училище" екен. 

Анамыз көбінесе жұмыс бойынша Алматыда болғандықтан, үй шаруасының қағидаларын атамыз түсіндірген. Тазалықты қатты ұстайтын, тамақты қазақи және тек қолдан жасалғанын ұнататын. Басында сәл қиын болды, оған қоса, қазақшам да онша емес болды", - дейді Әйгерім.

Ол алғашқы кезде көп қателік жібергенін жасырмады. Бірақ оған ата-енесі түсіністікпен қараған.

"Бірақ ешқашан ұрыс естімедім. Бәрін жұмсақ жеткізген ата-анама алғысымды білдіремін. Көп нәрсеге “пістім”, көп нәрселерге ойым да өзгерді.

Сол кезде жылдам қазақ тілін меңгеруді бастадым. Психологиядан көп курс өттім", - дейді Әйгерім Саркенова. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Айдарбекова