24.05.2022, 06:44

«Ресей жұлдыздарын қазақтың күзетшілері бізді итеріп тастап, қызғыштай қориды»: Алуа Қонарова ресейлік жұлдыздарды Қазақстанға шақырмау керегін айтты

Фото: ашық дереккөз
Ресей жұлдыздарына арналған грим бөлмелері жарқырап тұрады, тамақтың түр-түрі, тіпті шығысазиялық крабқа дейін жеткізіледі.

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. «Елге ресейлік әншілерді шақыруды қою керектігінің бірнеше себебін 2010 жылдан бері жазып келемін.

Өйткені: а). Олардың қаламақысы бізге қарағанда әлдеқайда жоғары. Бірақ, біздікілер олардан артық болмаса, кем емес. Тек біздің жұлдыздар оларға қарағанда бар болғаны қауырсын тағып, жылтырақ киімдер кимейтін шығар.  в). Ресей жұлдыздарын құдды әрбір бұрышта мергендер күтіп тұрғандай күзетеді. Оларды күзететін сол баяғы біздің қазақтың күзетшілері, бізді итеріп тастап, соларды қызғыштай қориды.  Ал шығатын сахнамыз бір. с). Ресей жұлдыздарына арналған грим бөлмелері жарқырап тұрады, тамақтың түр-түрі, тіпті шығысазиялық крабқа дейін жеткізіледі. Әрқайсына  жеке-жеке арнайы гример маманы беріледі. Ал қазақстандық жұлдыздарды қой сияқты жүз адамды бір кабинетте тоғыта салады.

Тіпті мынадай да болады: "Грим бөлмелерінде ресейліктер бар, бос емес, баспалдақта күте тұрыңыздар" дейді. Осы жылдар аралығында осындай жағдайлар өте көп болды. Бірде-бір адам мені тыңдамады, естісе де жұмыстан айырылып қаламын деп қорқып айтқан сөздерін жоққа шығаратын. Ондай концерттерді ұйымдастырушылардың барлығы қазақстандықтар болатын. Ал енді қазір біз не көріп тұрмыз? Барлығы күтпеген жерден өзгеріп сала берген,  "Ресей құрысын", "басқыншыларға біздің сахнаға жол жоқ" деп ұрандатып шықты.   

Мен әлі күнге дейін біздің елге ресейлік әншілердің келгеніне қарсымын. Бірақ әділеттілік үшін айту керек, олардың концертіне билет алатын да, баратын да өздеріңіз. Иә, бұл концерттерді әкімдік емес, жеке тұлғалар 2020 жылы жоспарлап, пандемияға байланысты кейінге қалдырды. Соғыс болатынын ешкім білмеді.

Соғыс деген әрдайым болып жататын. Бірақ ТМД елдеріне концерттер, түрлі іс шаралар өте жоғары деңгейде өтіп жатты. Ол кездерде Сирияда, Иракта балалардың өліп жатқанына бәрінің түкіргені бар еді», - деп жазды Алуа Қонарова.