Белгілі блогер, актриса Әсел Асқар екінші ұлына ДНҚ тестін жасамақ. Ол ұлының әкесі қазіргі күйеуі Айбек екенін дәлелдемек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әсел Асқар былтыр екінші некесінің сәтсіз аяқталғанын, артынша жүкті болып қалғанын хабарлады. Ұзақ уақыт бойы жалғыз жүрген блогер ай-күні жақындағанда жолдасымен қайта табысты. Алайда күйеуінің туыстары алғашқыда оның жүкті екеніне сенбеген. Ол аздай, кейіннен баланың әкесі Айбек екеніне күмән келтіріпті. Блогер шындықты дәлелдеу үшін ДНҚ тестін жасауға оқталып отыр.
"Оның туыстары мені басқа адамнан екіқабат болып қалды деді. Бұл менің намысыма қатты тиді, сондықтан ДНҚ тестін жасамақпын. Бірақ ол (күйеуі Айбек): "Қайтесің, өзіңді масқаралама", - деді. Осындай тәсілмен адамдардың аузын жабуға тура келеді. ДНҚ тестін жасатып, елдің алдында жарияламақпын", - деді ол.
Блогер күйеуімен қайта табысуына жүктілігі әсер еткенін атап өтті. Алайда Айбектің туыстары "Әсел ұлымызды дуалап, басын айналдырып алды" деп айып таққан.
"Біріншіден, ол Уэльс ханзадасы емес. Екеуміздің ортамызда бөлетіндей алып бара жатқан байлығы да жоқ. Екіншіден, екеуміз ресми түрде некеге тұрмағанбыз. Оның үстіне, мен отырып алып уайымдап, зорлықпен жанымда алып қалатындай ұсқынсыз емеспін", - дейді Әсел асқар.