Соңғы уақытта Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы жұрт назарына жиі ілігіп жүр. Жуырда ғана өзінің орындауында авторлық әнін жазғанын жарияласа, енді продюсерлікке бет бұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Экспресс К.
Алдағы уақытта Мөлдір Мұқанова отандық шоу-бизнестегі танымал продюсерлердің тізімін толықтырса, таңғалмаңыз. Бүгінде бес баланың анасы бұл іске кірісіп те кеткен. Тұрсынбектің әйелі екі өнерпазды қол астына алып, оларға жетекшілік етпек. Бірі электро-домбыраны серік еткен Ақтоты есімді ару, екіншісі — ел арасында «енді не істейміз?» әнімен танылған Айшолпан Тілеутай атты айтыскер ақын қыз. Жаңа жобалардың жұмысына кіріскен Мөлдір бұл жаңалығын әлеуметтік желіге жазды.
«Домбыраны күмбірлетіп жүрген жастарды көрсем қуанамын. Жалпы, домбыра үнін естісек арқамыз қозатын қазақпыз ғой. Суреттегі екі сіңілімнің өнерлерін көргенде менің де арқам қозып, таланттарына тәнті болып, бірден әпкелік демеуімді, қолдауымды көрсетем деген шешімге келдім. «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, талантты сіңлілеріме демеу болып, продюсер атанып жатқан жайым бар. Алдағы уақытта көп жаңалықтар бар. Қыздарымызды жаңа қырынан көретін боласыздар! Мақсатым — жастар арасында қазақ өнеріне, тіліне, мәдениетіне деген қызығушылықты арттыру. Кемеміз өрге жүзіп жатса, бұл продюсерлік ететін жобаларымның бастамасы деп білерсіздер. Өнерлі, жанып тұрған жастарды шама келгенше қолдауға дайынмын», — деп жазды Қабатовтың келіншегі.
Жаңа бастаманы қолға алған Мөлдір Мұқанованы мақтағандар да, даттағандар да табылды. Тіпті, продюсерге ұсыныстарын да жазып үлгерген. Мәселен, оқырмандардың бірі ақын қыз — Айшолпанды артық салмақтан арылтып, дене бітімін жөнге келтіру керектігін ашық айтты.
«Ана қыздың фигурасын жөнде, құрысын», «Сенде оған энергия да, құлшыныс та, махаббат та жетеді», «Керемет», «Вау, харизманың энергиясы ұрып тұр», — деп жазды желідегі жұрт.