Екі некесі сәтсіз аяқталған Мөлдір Әуелбекова тағы ғашық болуы мүмкін екенін жасырмай айтты. Ол бұрынғы күйеулеріне реніші жоқ екенін жәгн балаларының әкелерімен араласуына қарсы еместігін жеткізді.
"Ұлым, қызым үшеуміз өте бақытты отбасымыз. Тағы ғашық болуым мүмкін. Бәрі мүмкін. Біз алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз. Оны мен жорамалдап "жоқ" немесе "иә" деп айта алмаймын. Бұйырғанын көреміз. Әркімнің өзінің о бастан жазылған тағдыры бар", - деді Әуелбекова.
Ал балаларыңыз әкелерімен араласа ма деген сауалға әнші жауап бермеді. Мұның "ұзақ тақырып" екенін атап өтті. Алайда бастысы, өзі тыйым салмайтынын ескертті.
"Әкелерімен араласуына тыйым салмаймын. Мен өмірімде болып жатқан жалпы жағдайларды қабылдап үйрендім. Ол проблемаға айналмас үшін оны қабылдайсың, өкпе-ренішті қалдырасың. Қасымда ұлым, қызым бар. Негативті, өкпе-ренішті, ашу-ызаны арқама жүк қылып сүйреп жүргім келмейді. Ешкімге ренішім жоқ. Бұйырғанын көрдім", - дейді Әуелбекова.