Соңғы тәулікте қазнет қызу талқылаған тақырып – «Ұйқым келмейді» әні жайлы. Қазақ өнерінің өкілдері ана тілін қорлаған мән-мағынасыз клипті отандық телеарнадағы айналымын тез арада тоқтату керектігін айтып дабыл қағуда, деп хабарлайды Экспресс К.
Күні кеше "Той думан" арнасында Алина Шакиева есімді орындаушының "Ұйқым келмейді" атты бейнебаяны көрерменге жол тартқан еді. Аталмыш әннің мәтіні құлаққа түрпідей тиіп, жаңа туындыны шырқаған келіншектің қазақ тіліне шорқақ екені елдің ашуын тудырған. Шулы клип Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса Меруерт Түсіпбаеваның да ызасына тиіпті.
"Мен мына қыздың қандай мақсатпен "Той думан" арнасына шығып отырғанын білмеймін. Мына қыз әдейі істеп отырған сияқты. Хайп қуып отыр ма, білмедім. Өкінішке орай, бізде қазір атақты болу үшін жерді өртеуге дайын жастар бар. Бізге заң қажет, көркемдік кеңес керек. Телевизияға не шығады, не шықпайтыны туралы заң қабылдану керек. Мен "Той думан" арнасының басшысы болсам мына әнді теледидарға шығартпас едім. Тіпті "Той думан" арнасы жабылып қалса да. Намысы бар қазақ солай істейді. Бірінші намыс, кейін ақша, бизнес кетеді. Бұл жағдай маған ауыр тиіп отыр. Болашағымыз үшін қорқынышты. Мен дәл қазір өнер адамдарымен бірігіп, петиция жинап бұл әннің ешбір телеарнаға шықпағанын қалар едім", — дейді Меруерт Түсіпбаева.
Бұл бейнебаян әнші Жорабаеваның да қытығына тиген. Алтынайдың айтуынша, мұндай мағынасыз әндердің көбеюіне қазіргі тыңдарман талғамының тым төмендеп кеткені басты себеп дейді.
"Бұл күлкің де, жылағың жа келетін жағдай. Қазір осындай әндер неге сұранысқа ие? Осындай арзан дүниелердің неге қаралымы көп? Бұл сауалды тыңдарманға, көрерменге қойғым келеді. Мен соны әлі түсіне алмай келемін. Осы сұраққа мен жауап таппадым. Бұл клипті шығарып отырған коммерциялық телеарнаның басшылығы ақшаны көрген кезде құлақтары естімей, көздері көрмей қала ма екен? Сонда абырой, намыс қайда қалды? Мемлекет мұны басты назарға алуы керек", — дейді Алтынай Жорабаева.
Жұрттың сынына ұшыраған ән аздаған уақыт ішінде түрлі мемдерге арқау болып, Tiktok-та трендте тұр. Тіпті төрт миллионнан астам оқырманы бар продюсер Баян Мақсатқызы да бұл туындыны шырқап, әзілге толы видеосын желіге жүктеді.
Айта кетейік, дау тудырған туындының орындаушысы Алина Шакиева үш баланың анасы екен. Бүгінде Нұр-Сұлтанда тұрады, кезінде Ресейден көшіп келген. Қазіргі таңда қазақ тілін үйреніп жүргенге ұқсайды. Ал жұрттың сынына ұшыраған "Ұйқым келмейді" әнінің мәтінін Рамазан Амантай есімді жас ақын жазса, музыкасының авторы Диана Исмайыл.