Отандық продюсер әрі актер Нұртас Адамбай кинотеатрларда көрермен назарына ұсынылып жатқан америкалық "Тор: Любовь и гром" фильмін көрсетуді тоқтатуды ұсынды, деп хабарлайды Экспресс К.
Өнер иесі бұл ұсынысын өзінің Facebook парақшасында жазып, мұндай фильмдерді прокатқа мүлдем жолатпау керек деп отыр. Актердің пікірінше, кинотуынды гомосексуалдық қатынастар түріндегі әдепсіз құндылықтарды насихаттайды.
Нұртас Адамбай еліміздің "Бала құқықтары" туралы заңында балалардың адамгершілік және рухани дамуына зиян келтіретін насихаттау мен үгіттеуге тыйым салынады деп көрсетілгенін алға тартты. Ал бұл фильм аталған заңға қайшы келіп отыр екен.
"Фильмге лицензия қандай негізде берілді? Бұл мәселемен Бас прокуратура айналысуы керек деп ойлаймын. Президент Тоқаев биыл балалар жылы деп жариялап, олардың амандығы — Қазақстанның жарқын болашағының кепілі екенін атап өтті. Менің ойымша бізде мұндай әдепсіз дүниелерді насихаттауға мемлекеттік деңгейде заң аясында тыйым салу қажет. Мемлекет басшысының айтқандары бос сөз болып қалмауы керек. Біз жаңа Қазақстанға сенеміз", — деп жазды Нұртас Адамбай.
Актердің бұл жазбасын оқыған желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі продюсерді қолдайтындарын жазса, енді бірі оны сынап-мінеді. Басым көпшілігі Нұртас Адамбайға қандай фильм көрсетіліп немесе көрсетілмеуін актер шешпейтінін, өзгенің шаруасына мұрнын сұқпай, тыныш отыруға кеңес берді.
"Бұл фильмге балалардың не қатысы бар? Жасы шектеуі қойылған. 16 жастан асқан көрермендерге арналған", "Нұртас, сізде негізі бәрі дұрыс па?", "Біз зайырлы әрі еркін мемлекетпіз. Еркіндік дегеніміз бұл — таңдау",, "Балаға ненің зиян екенін сіз шешпейсіз. Өзіңіздің ұстанатын құндылығыңызды өзелерге тықпаламаңыз", "Нұртас, сізге емделу қажет", "Тәп-тәуір фильм. Егер ұнамаса ұл-қызыңды жіберме, бұл әркімнің өз таңдауы ғой" деп жазды желідегілер.
Айта кетейік, осыған дейін актер Нұртас Адамбай атышулы "Базз Лайтер" анимациялық фильмінің де елімізде көрсетілуіне қарсы шыққан болатын.