$ 446.49  475.38  4.79

«Әйелім қызғаншақ»: Тәуекел Мүсілім мен жары отбасылық өмірдегі құпияларымен бөлісті

Махаббат солтүстіктің қызы және үйде де жалғыз болғаннан кейін әрдайым “вниманиеге” үйреніп қалған еді.

Белгілі актер, тележүргізушісі Тәуекел Мүсілім мен жары Махаббат Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді. Бүгінде Қазақстандағы танымал жұптың біріне айналған олар отбасылық өмірдің қызығы мен шыжығы туралы сыр бөлісті.  

– Тәуекел-Махаббат, көргенімізге өте қуаныштымыз. Отбасын құрғандарыңызға азды-көпті төрт жылдай уақыт болды. Осы аралықта бойларыңызда қандай өзгерістер бар?

Тәуекел: Махаббат жақсы жағына қарай өзгерді. Махаббат солтүстіктің қызы және үйде де жалғыз болғаннан кейін әрдайым “вниманиеге” үйреніп қалған еді. Басында кішкене түсініспеушіліктер болатын. Бірақ оның бәрін айтып, түсіндіріп, қазақи салт-дәстүрлерді үйреттік. Бойдақ кезде үнемі кешігіп жүретін едім. Махаббаттың арқасында кешікпеуді үйреніп жүрмін.

Махаббат: Тәуекел таныстық кезінде қандай болса, үйленген соң да еш өзгеріссіз сол қалпында. Әрине, кейбір қасиеттері уақыт өте ашылады. Мысалы, балажандылық бірден байқалмайды ғой. Тек ұлымыз дүниеге келген соң осы қасиетін көре бастадым.

– Қызғаныш кімнің тарапынан жиі байқалады?

Тәуекел: Басында Махаббаттың тарапынан көп қызғаныш болатын. “Үйде болмайсың, кетіп қала бересің” деген сияқты. Мен “жұмысымыз сол әрдайым сыртта жүреміз” деп түсіндіруге тырысатынмын. Ең бастысы барлық жағына үлгеру ғой. Сыртта жүрсем де, достарыммен кездесіп жүрсең де, үйге, отбасыма, келіншегіме уақыт бөліп, тепе-тең ұстап тұруға тырысамын.

– “Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры” демекші кім дауды бірінші бастайды?

Тәуекел: Дауды мен бірінші бастамаймын. Барлығы жағдайға байланысты ғой. Егер түсініспеушілік болса, ортаға тастап, сөйлесіп шешуге тырысамыз.

– Сіздердің шаңырақта “Кінәлі адам бірінші кешірім сұрасын” деген қағида бар ма?

Махаббат: Кім кінәлі болса, сол кешірім сұрайды. Үйде жиі Тәуекел кінәлі болып қалады.

Тәуекел: Жоқ, қатып қалған ондай ереже жоқ. Біз отырып сөйлесеміз. Кімнен қате кеткенін ашып аламыз.  Сол кезде егер қате кетіп жатса кешірім сұраудан еш қысылмаймыз. Көбінесе менен қателік кететінін рас.

Махаббат: Бірақ, бізде келіспей қалатын кездер өте сирек  болады.

Тәуекел: Иә, қазір бір-бірімізге үйреніп алдық. Бір-біріміздің мінезімізді білеміз. Махаббат ренжи қалса, мен оны еркелетіп, жұмсартуға тырысамын. Келіп құшақтап аламын. Ол дінімізде де бар. Құшақтасаң жылулық тарайды. Бір-біріне деген мейірім оянады. Соны біліп алғанмын. Ренжіп қалса, жібермей құшақтап аламын да жібермей қоямын. 5-10 минут бұлданады да, сосын ашуы тарайды.

– Тәуекел қайынжұртқа қаншалықты жиі барасыз? Қызмет жасайтын күйеу баласыз ба? Әлде төрде отыратын ерке күйеу баласыз ба?

Тәуекел: Қостанайға бір рет барғанмын. Қыста бардық. Қысы суық, ерекше қала екен. Маған қатты ұнады. Әрине, өз қызметімді жасадым. Атаммен отын жаруға шығып, монша жағып, оған түсіп, ерекше қызық өткен демалыс болды.

– Махаббат, көп қыздар енемен бірге тұрудан қорқады, қашады. Солтүстіктің ерке қызы үшін енемен бірге тұрып, оңтүстіктің дәстүрін үйрену қаншалықты қиын болды?

Махаббат: Аса қиын болды деп айта алмаймын. Бірақ әр үйдің өз салты мен ережесі болады. Соған дайын болып бару керек деп ойлаймын. Қазір енеммен де, тәтемен де жақсы қарым-қатынастамыз. Еркін сөйлесіп, кез келген тақырыпта ақылдаса аламыз.

– Бала тәрбиесіндегі қағидаларыңыз қандай?

Тәуекел: Айтөре өсіп келе жатыр. Ең басты қағида, Махаббатқа да айтам, қазақша сөйлейді. Міндетті түрде Айтөрені қазақшаға бірінші үйретеміз. Оның үстіне балаға қатты ұрыспауға тырысамыз. Әрине, кейде еркелеп, тыңдамай кететін кезі бар. Ұйқысы келсе, жылап кететін кезі бар. Соның өзіне де кейде Махаббат екеуміз шыдамай кетеміз. Ол уақытша ғой, сосын басылады. Бір-бірімізді бала тәрбиесінде қолдап жүруге тырысамыз. Мен балажанмын. Әкемнің қасында болмаған соң, сондай сезімдерді Айтөре сезінбесе екен деймін. Сол үшін үнемі қасында болып, көңіл бөлуге тырысамын. 5-6 айында Махаббат емізіп беретін, мен өзіммен бірге 1-2сағатқа алып кетіп, серуендеп келетінмін. Қазір 1,5 жасқа келді. Ең тәтті кезі. Тілі шығып жатыр. “Мама” деп көп айтады. Мен “папа” деп үйретсем де “мама” деп айта береді.

– Әдетте тұңғыш бала ата-әженің жеке меншігі болатын еді. Сіздің анаңыз Айтөрені меншіктеп алмады ма?

Тәуекел: Жоқ, біздің үйде менікі, сенікі деген жоқ. Менің қолым тимей жатса, Махаббаттың қолы тимей жатса анама беріп қоямыз. Қонаққа кетсек, қыдыратын болсақ, Махаббат екеуміз биге барған кезде де мамаға қалдырып кетеміз.

– Махаббат, қай салада білім алдыңыз? Мамандық бойынша жұмыс жасауға ниетіңіз бар ма?

Махаббат: Мен жеті жыл медицина саласында білім алдым. Әуелі Қарағандыда оқып бастап, кейін Алматыда жалғастырдым. Болашақта декреттік демалысым аяқталған соң мамандық бойынша жұмыс жасаймын деп ойлаймын.

– Үйде отырсаңыз да Instagram-да шағын бизнестеріңіз бар екенін байқадық. Дастарханға арналған жабдықтарды тігу кімнің идеясы болды? Қаншалықты табысты?

Тәуекел: Кәдімгідей көп ақша табады. Менен ақша сұрамайды.

Махаббат: Үйде енемнің тігін машинкасы бар. Соны көріп, қызығып осы саланы қолға алдым. Өзіме тіккен ұнайды. Бірақ қазір шабыт жоқ. Бәлкім кейін шабытым келгенде жалғастыратын шығармын.

Тәуекел: Екінші бизнесің бар еді ғой?

Махаббат: Иә, құрбым екеуміз тапсырыспен бонбонерки жасаймыз. Біз заманауи әдемі етіп дайындауға тырысып жүрміз.

Тәуекел: Шығармашылық көзқараспен бәрін қиып, салып жасайды. Карантиннен кейін бастаған еді. Бастапқыда бұрынғыдай көп той болмайды, қиын болатын шығар деп ойлағанбыз. Бірақ, қазір аптасына бір рет тапсырыс дайындап жүреді.

Махаббат: Тапсырыс соншалықты көп емес. Бірақ табысым өзімнің қажеттілігіме жетеді

Тәуекел: Бастапқыда уақытта намыстанып, менен ақша сұрамайтын. Әлі де солай. Өзі Instagram жүргізіп бастаған соң табысы бар. Кейде Махаббаттың парақшасына жарнамалар түседі. Оның да ақшасын өзіне беремін. Жеке табысы болғандықтан маған кофе алып береді, кейде кешкі асқа шақырады.

– Сіздердің ойыңызша отбасының берекесін сақтаудың қандай құпиясы бар?

Тәуекел: Мен әрқашан екі жақты теңдей ұстаймын. Ешқашан “сен әйелсің тыныш отыр. Сөйлеме. Мен өзім білемін” деген емеспін. Керісінше, Махаббатқа бірдеңе ұнамаса, іште қалмасын, бәрін айт, ашық талқылайық деп айтамын. Әрдайым сөйлесу керек. Босанғаннан кейін әйел адамдар өздеріне келе алмай жүреді ғой. Сол кездері қолдауға тырысамын. Жексенбі күндері тауға шығамыз. Сол кезде 1-2 сағат жаяу жүріп, сөйлесіп, алдағы жоспарларды құрып, соның бәрін армандап, қиялдап жүреміз. Махаббаттың бір жақсы тәрбиесі бірдеңе ұнамай тұрса, сыйластықпен айтады. Соған қатты қуанамын. Төрт жылдың ішінде қатты айқайласып көрген жоқпыз. Кез келген проблеманың шешімін табуға болады. Ол үшін бастысы сөйлесу керек. Біздің отбасымыздың берекесін басты құпиясы осы деп білем.

– Сөз соңында шығармашылық жаңалықтарға кезек берсек…

Тәуекел: Шығармашылықта, әрине, киноға түсуге жоспарлар бар. Қазір боевик бағытындағы бір кинокартинаға дайындық басталды. Өзім үшін де жаңа бағыт, қызық болып тұр.

– Көп актерлер өздерінің авторлық фильмдерін түсіруде. Сізде де жеке фильміңізді прокатка шығаруға жоспар бар ма?

Тәуекел: Әрине, әкем туралы фильм түсіргім келеді. Қашан екенін білмеймін. Бәрі қаражатқа келіп тіреледі ғой. Қазір отбасымның қамымен жүрміз. Алла қаласа, қаражаттың реті келген де талай қазақ жігіттеріне рух беріп, мотивация болатын әкем туралы фильм түсіргім келеді.

– Ниетіңізге жетіңіз. Келесі сұхбатымыз ойыңыздағы фильмнің тұсаукесерінде болуға тілекшімін!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары