26.09.2022, 20:11

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады»: Жұлдыз Әбдікәрімова өз қазағын пәтерден қуып жатқандардың әрекетіне қынжылыс білдірді

Мен қорқамын... сырттан төнетін қауіп үшін емес, өзімізден.

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова өз қазағын пәтерден қуып жатқандардың әрекетіне қынжылыс білдірді.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Өзімізді өзіміз сыйлап, жанашырлық танытпасақ, бізді өзге ел керек қылмас, дейді Жұлдыз Әбдікәрімова.

"Біз өзі кімге қонақжаймыз?! Кешелі бері әлеуметтік  желіде сөмкелерімен далада қалған қазақтар. Туған жерінде тентіреп жүрген қазақты өзге елге барғанда құшақ жая қарсы алып, төрін ұсынар дейсіз бе?! Өз үйінде қадірленбеген қазақты қай ұлт құрметтесін?!

Біз намысын нанға сатпайтын ел емес пе ек?! Орыс келді деп, қазағыңды қуып, тапқан 5-10 теңгең қай жыртығыңды жамайды дерсің?! Түн ортасында үйді босат деп шығарып жіберген отбасының қаяу көңілі - тапқан табысыңызды тамағыңыздан қалай өткізбек?

Біз кім едік? Қазір кімге айналдық? Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады деген. Қымбатшылық таялғанда етектен алған бөрі болмай, өз қазағыңа қамқорлық көрсететін АДАМға айналайық.

Мен қорқамын... сырттан төнетін қауіп үшін емес, өзімізден. Себебі ішкі бірлік болмағанда еш күш салмай-ақ бағындырып алуға болады.

#қазаққазаққақамқорбол деген хештегпен таратайық, ең мейірімді, квартирадан қумаған, бағасын көтермеген жалға берушілердің оқиғасын жазайық. Бұл ойым қалай?", деп жазды актриса.

Актрисаның оқырмандары "Біз бағаны көтермедік, Әлі сол бұрынғы бағамен отырмыз", деп ақтала жазды.