Кезінде ел арасында ұтыс ойнатып, кейін басы дауға қалған Ернар Айдар тағы да халықтың ашуына тиді. Ол бұл жолы тек балалар жиналған іс-шараға бірнеше ер адамнан жасақталған күзетпен келген, деп хабарлайды Экспресс К.
Ғаламторда жұрттың ызасына тиген бейнежазбаға зер салсақ, Ернар Айдардың көзіне қара көзілдірік тағып, қымбат маркалы бір көліктен екіншісіне мінуге бара жатқанын аңғаруға болады. Әншіні алып денелі бірнеше жігіттен жасақталған күзетші қоршап алған. Ол көліктен түскен сәтте жанындағы бір күзет қызметкерін кеудесінен итеріп қалады.
Қасында полиция қызметкерлері де жүр. Бір қызығы, әлгі видеода тек балалар ғана. Оқушылармен кездесуге оққағарлармен келген Ернардың бұл қылығы халыққа жақпай қалса керек, олар шоу-бизнес жұлдызына неше түрлі жағымсыз пікір жазған.
"Әлемдік деңгейдегі әнші Роза Рымбаева күзетпен жүрмейді", "Күзетшіні итерме, тәкәппар болма. Бір-ақ күнде жерге құлайсың", "Жоқшылықтан шыққан, түк көрмеген жабайы", "Полиция, оққағар не үшін? Балалардан басқа ешкім жоқ. Кімнен сақтанып жүр?" - деп сынады халық.