$ 486.44  534.31  5.06

«Аида Кауменова ұлтымыздың киімін қорлағаны үшін жауап берсін!» - Тұрар Сәттарқызы

Қашанғы ұлт символдарын осылай қорлауға жол бере береміз? Намыстарыңыз бар ма, өзі?

Белгілі дизайнер Аида Кауменова желідегі парақшасына боксер Ангелина Лукастың қазақтың ұлттық киімін жалаңаш денесіне киіп, face-to-face рәсіміне қатысқан видеосын жариялады. Алайда бұл көптің ашуын туғызды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бұл туралы тарихшы-этнолог, журналист Тұрар Сәттарқызы Facebook парақшасына пікірін білдірді.

“Неткен намыссыз ұлт едік. 
Қорланбаған неміз қалды, осы?!

Нағыз қазақтың мықты қызы,-деп жатыр екен мына сорақылықты белгілі дизайнер Аида Кәуменова. 
Аида, ұлттың, қазақ қызының тазалығы мен адалдығының, ұяты мен арының символы болған сәукелесін қорлап, тырдай жалаңаш қызға кигізіп, нағыз қазақ қызы деуіңіз, ар мен ұятты бәрінен биік қоятын, барша  қазақ қыздарының намысын таптағаныңыз.

Қазақ қызы қашан ұлттық киімді жалаңаш денесіне киген екен? 
Сакралды маңызы бар ұлттық ою-өрнектің киесі бар деген ұлт емес пе едік?!”,- деді журналист.
Сондай-ақ, ол жоғарыдағыларға үндеу тастап, ұлтттық құндылықтарымызды қорғайтын заң керегін баса айтты.

“Ел қалаулылары болып жүрген депутат мырзалар, ханымдар!

Қашанғы ұлт символдарын осылай қорлауға жол бере береміз? Намыстарыңыз бар ма, өзі? 
Ұлт құндылығын қорғай алмасақ, несіне ұлт болып жүрміз? Ел ертеңіне алаңдасақ, ұлтттық құндылықтарымызды қорғайтын заң керек!

Ана бір жылы Шырын деген қаршадай қыз қазақ киімін күлкі қылды. 
Өткенде Мухаряпов деген тілімізді қорлады. Енді міне, ұлттық киімдерді тігіп дәріптейтін, содан кәсібін дөңгелетіп отырған ұлты қазақ Аиданың жасап отырғаны мынау?

Аида ханым, ұлттың дүниенің қадір-қасиетін білмесеңіз, бойыңызда қазақы намыс болмаса, жасап жүрген ісіңізді қоя салыңыз. Әлде сізге ұлттық дүние кәсіптің көзі ғана ма?

Ау, ағайын, кім көрінген төл теңгемізді таптайды, туымызды, ұлттық киімімізді қорлайды, мыңқ етпейтін неткен халық едік?! 

Өзге бізді сыйласын десек, өзіміздікін құрметтеуіміз керек емес пе? Өзге жұртқа әбден масқара болғанша,намыстан неғып өліп кетпейміз?!

Аида Кәуменованың парақшасында нағыз қазақ қызы деген видеосын көріңіздер, жауап беріңіздер.

Намыс қайда, жұртым?!

Мен намысты бәрінен биік қоятын қазақтың қызымын, сондықтан Аида Кәуменованың ұлтымыздың киімін қорлағаны үшін жауап бергенін талап етемін”, -деп жазды Тұрар Сәттарқызы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары