Белгілі қазақстандық актер Жан Байжанбаев "Қазақфильмді" сынға алып, киностудия басшылығының "сүйікті актерлері" бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кәсіби іс-шарада сөз сөйлеген актер "Қазақфильмде" 44 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, алайда соңғы 10-15 жылда онда көңілге кірбің түсіретін жағдайлар көбейгенін айтты.
"Госкино, Кинематографистер одағы мен киностудия күш біріктіріп, актерлердің, режиссерлердің мәселелерін бірлесе шешкен кезі есімде. Ал қазір онда небір сұмдықтар болып жатыр. Мен тіпті жастардың "онда не болып жатыр?" деген сұрағына жауап беруге ұяламын. Онда не болып жатқанын бір Құдай біледі", - деді ол.
Байжанбаев 21-ғасырдың басына дейінгі 20 жыл ішінде 40 картинада, ал 2000 жылдан кейін төрт картинада ойнағанын атап өтті.
Ол "Қазақфильм" киностудиясының өзінің "фавориттері" бар деп есептейді, ал қалған әртістерді фильмдерге түсірмейді.
"Таңдаулылары бар бұл киностудияға қалай қарайын? Киностудияның әр директоры келіп, өз таңдаулыларын іріктейді. Мен тіпті мойындауға ұяламын, бірақ соңғы рет киностудия делегациясымен кинофестивальге 2003 жылы барғанмын. Одан кейін ешқайда барғаным жоқ. Студиям мені өз тізімінен алып тастады.
Мені көзге ілмейтін басшыларға түкіргенім бар. Өзімді жақсы көретін халықты құрметтеймін. Олардың арқасында мен киностудияда жұмыс істеп жүрмін және киностудияның қайта жанданғанын қалаймын. Сендер ("Қазақфильм" басшылығы – ред.) кейбір адамдардың түбіне жеттіңдер. Бұл қашанғы жалғаспақ?! Бәрің бизнесменсіңдер. Продюсерлердің, режиссерлердің мәселелерін шешесіңдер. Актерлер туралы ұмыттыңдар. Актерлер – киноның бет-бейнесі. Халық сендерді емес, бізді таниды. Сендер шығармашылық адамы емес, бизнесменсіңдер", - деді Байжанбаев.
Жан Байжанбаев – 61 жастағы қазақстандық актер. Ол көрермендерге "Бизнес по-казахски", "Аким", "Рэкетир 2" және басқа да фильмдер арқылы белгілі.