19.12.2022, 12:20

«Бұл әңгімеге нүкте қойылған»: Аян Өтепберген Гүлназ Жолановамен қарым-қатынасы туралы айтты

Гүлназ екеуміз доспыз. Басқа айтарым жоқ.

Көпшілікке "Жау жүрек мың бала" туындысымен танылып, отандық бірнеше жобада ойнаған актер Аян Өтепберген жеке өмірі, шығармашылық жолы жайында сұхбат берді. Актер болашақта кітап шығаратыны туралы және алғашқы режиссерлік туындысы туралы баяндады

Аян Өтепберген жақынды шыққан "Ақжауын" сериалының 2 маусымы туралы айтып берді. 

"Жалпы, сценариймен танысқан кезде алғашқы маусымда "неге менің кейіпкерім қырсық" деп сұрағанмын. Режиссер бұл екі ролді Жұлдыз екеумізге арнап жаздым деп әзілдеген. Көрермендерден де "тура өзіңіздің болмысыңыз ғой" деген пікірлер естіп қаламын. Бұл қырсық махаббат кейіпкерлердің бір ерекшелігі сияқты деп ойлаймын. Өзгерісті айтып қойсам, қызық болмай қалады. Жалпы, қызық болады. Пікірлер Қырғызстан, Ресейден келіп жатыр. Сондықтан бірінші маусымдағыдай халық жақсы қабылдайды деп ойлаймын", - дейді өнер иесі сұхбатында.

Оның айтуынша, келесі жылы режиссерлік еткен "Шын ғашық" атты алғашқы сериалы НТК арнасынан көрсетіледі. 

"Біз көбіне киноны көреміз де, артындағы қаншама жасалатын еңбекті бағаламай жатамыз. Осы жолы соны түсіндім. Жалпы, режиссер болу маған ұнады. Тағы да ұсыныстар түссе, үлкен дайындықпен түсіргім келеді. Себебі кино түсіру оңай жұмыс емес. Осы сериалды түсірем деп денсаулығыма да біраз әсер етті. Болашақта режиссер болсам, мелодрама түсіргім келеді. "Махаббат станциясы", "Гаухартас" - мен үшін махаббат хикаяларының ең үздігі. Махаббатты әдемі жеткізіп көрсеткім келеді", - дейді ол.

Актер болашақта жазушылыққа бет бұруы мүмкін екенін айтты.

"Иә, ол каналдағы ойлар өмірдегі оқиғалардан кейін туындайды. Соның бәрін үзбей жазуға тырысамын. Кейде бір тамсанатын сәт болады. Сезімді, сәтті жазып алғым келеді. Болашақта осы жазбаларымды құрастырып, кітап жазу ойда бар. Кітап қазақ тілін трендке айналдыру мақсатында жазылады. Бірақ өмірбаяным туралы жазбаймын. Тек ойлардан жинақталады. Шерхан Мұратазаның "Бір кем дүние" стилінде шығарғым келеді", - дейді актер.

Аян Өтепбергеннің айтуынша, әзірше тарихи фильмдерге түскісі келмейді.

"Шынымды айтсам, тарихи фильмдерден әзірше алыстай тұрғым келеді. Себебі бірде шашымда бояп, әлеуметтік желіге салғанымда оқырмандарым басқаша қабылдады. "Шашыңды бояма, қазақсың ғой" деген сынды пікір айтты. Ойы дұрыс қой. Бірақ мені барлығы "Жау жүрек мың бала" арқылы таныған соң, көпшілігі батыр образынан ғана көргісі келеді. Сол образбен ассоциацияландырып алған. Тарихи фильмді сомдау үшін адамға білім, сұс керек. Ол оңай емес. Сондықтан білімімді толықтырғанша, әзірше тарихи ролдерден алыстай тұрамын. Егер актер бір ролді ойнай берсе, жаттанды болып кетеді. Сол үшін де әртүрлі ролде түскім келеді", - дейді ол.

Аян Өтепберген Гүлназ Жолановамен қандай қарым-қатынаста екенін айтты.

"Бұл әңгімеге баяғыда нүкте қойылды ғой. Гүлназ екеуміз доспыз. Басқа айтарым жоқ", - деп жауап берді актер.

Сондай-ақ, ол сүйіктісінің бар екенін, ол өнер саласынан алыс екенін айтты.

Еске салайық, бұған дейін актер жеке өмірі туралы ашып айтқан еді. 

ernur.kz