Ұзақ уақыт үзілістен соң Алматының төлқұжатына айналған халықаралық «Азия дауысы» фестивалі қайта жанданады, деп хабарлайды Хабар 24.
Ән байқауы бұрынғы дәстүрге сай шілде айының соңында, Медеу мұз айдынында өтеді. Бұл туралы фестивальдің жаңа бас продюсері Арманжан Байтасов хабарлады. Конкурстық бағдарламадан бөлек атақты әншілер концерт береді. «Азия дауысы» фестивалі алғаш рет 1990 жылы продюсерлер Мұрат Ерғалиев және Александр Пономаревтің ұйымдастыруымен өткен еді. Халықтың ыстық ықыласына бөленді. Көрермен асыға күтетін. Тоқсаныншы жылдардағы ауыртпалықтан шаршаған халық фестивальді теледидардан тамашалауға, орайы келсе Медеуге барып көруге тырысатын. Өнер додасы соңғы рет 2004 жылы ұйымдастырылған. Штаб мүшелері мәдени шараның деңгейін бұрынғыдан арттырмасақ, төмендетпейміз деп отыр.
«Азия Дауысы» фестивалі жас, тәуелсіз Қазақстан мемлекетін әлемге танытқан ірі жоба. Оның ауқымыда кең болды, мәртебесіде биік болды және де бұл фестивальге тек ғана Азия құрлығы емес сонымен қатар бүкіл Евразия континентінен, тіпті АҚШ-тан да сайыскерлер қатысқан кездер болды", - дейді арнайы жобалар бойынша директор Лаула Асқар.