03.01.2023, 17:10

«Түнде дөңбекшіп, душқа түсесің...»: Майғазиев Түсіпбаевамен арадағы сырды ашты

Фото: ашық дереккөз
Әнші 1993 жылғы қызық оқиғаны баяндайды.

Әнші Сәкен Майғазиев өзінің туған күнінде әріптесі Меруерт Түсіпбаевамен алғаш танысқан кезі туралы айтты. Тіпті сол сәттің әлі күнге дейін есінен кетпей жүргеніне тоқталған, деп хабарлайды Экспресс К

Сәкен Майғазиев осы естелікті айтып тұрған видеосын әлеуметтік желіге жариялады. Бейнежазбада әнші 1993 жылғы қызық оқиғаны баяндайды. Ол әңгімені студент кезінде халыққа таныс әншіні бір жерде көріп қалғанынан бастайды.

"Ол кезде жұрттың бәрін бейнебаянымен талдырып жүрген кезі. Меруерт Түсіпбаеваны бірінші рет көрген Сәкеннің аузынан суы құрып, мәссаған деп тұрғанда "Сен кім боласың?" деді маған. Мен "студентпін, құдай қаласа қазақ өнерінің бір шетін ұстасам деп армандап жүрген жігіттердің бірімін" демеймін бе? "Ой, ақыры бір әдемі жігіт келеді екен ғой эстрадаға" деді. Мәссаған, Меруерт Түсіпбаеваның өзі маған солай айтып тұр, ойлашы", — дейді Сәкен.

Дәл осы мақтаудан кейін Сәкен түнімен ұйықтай алмағанын айтады. Тіпті дөңбекшіп, қайта-қайта душқа түскен екен.

"Бірнеше жылдан кейін "МузАрт" құрылды. Меруертпен танысып, араластық. Сол кезде баяғыда маған осылай деп айтқаның есіңде ме деп сұрасам "есімде жоқ, әншейін айта салғанмын" дейді. Сол кездегі сөзге алданып жүре беруім керек еді ғой деген ойға кеттім", — деп қорытындылайды естелігін әнші.