06.01.2023, 13:00

16 жастағы ұлынан айырылған ақын Серікзат Дүйсенғазы ел алдында сөз сөйледі (ВИДЕО)

Бауыр-етің балаңдай бөлшегіңді ап, Тас төбеңнен жай түсті-ау, Ер Серікзат!

Таяуда ақын Серікзат Дүйсенғазының жасөспірім ұлы Әлихан қайтыс болған еді. Қайғыдан қан жұтқан әке баласын жер қойнына тапсырғаннан кейін жиналған жұрттың алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды Экспресс К.

Қапыда ұлынан айырылған ақынның бейнежазбасын әріптесі Балғынбек Имашев өзінің жеке парақшасына жүктеген. Видеода Серікзат Дүйсенғазы дүйім жұрттың алдында көзіне жас алып, марқұм ұлының қазасы қабырғасына қатты батқанын айтқан.

"Алла перзентпен сынамасын. Перзентпен сынаған ауыр екен. Осыны екі күн болды бастан өткеріп жатырмын. Бірақ мені ұстап қалған нәрсе — менің сынақ жолым. Менің осы мешітке келіп намаз оқыған иманым. Әйтпесе, мен осы кезде бар ма едім, жоқ па едім. Мен тіпті сол күні Әлиханмен бірге кетіп те қалар ма едім ана дүниеге. Сондай адамдар болыпты. Сондықтан енді Құдай сақтасын деп, өз-өзіме келіп, кәлимамды айтып, шүкіршілігімді айттым. Баламның тілі кәлимаға келген бала ғой, жәннат нәсіп етсін деп жатырмыз", — деді Серікзат Дүйсенғазы.

Балғынбек Имашев қабырғасы қайысқан әріптесінің қайғысына ортақ екенін айтып, өлең жолдары арқылы көңіл айтқан.

Бауыр-етің балаңдай бөлшегіңді ап,

Тас төбеңнен жай түсті-ау, Ер Серікзат!

Білмейміз ғой жоғалтпай қадір-құнын,

Тіріде — арзан, адамдар, өлсе — қымбат.

Бауырыңнан бел балаң — бөлшегіңді ап,

Бауыр-етің езілді-ау, Ер Серікзат.

Раббың саған ең көркем сабыр берсін,

Болған іске болаттай бол, Серікзат!", — деп Балғынбек Имашев өлең жолдарын арнапты.