07.01.2023, 14:28

«Қызым үшін ұялғым келмейді...»: Алагөзова әкесі жайлы жылы жазба жариялады

фото: әлеуметтік желіден
Сенің дауысың, бейнең, күлкің мәңгі есімізде.

Белгілі продюсер Баян Алагөзова кеше өмірден өткен әкесі жайлы естелік жазды. Онда марқұм әкесі Мақсат Мұхитденовті мақтан тұтатынына тоқталған, деп хабарлайды Экспресс K

Белгілі продюсер, актриса сағынышты естелігін Іnstagram-ға салды. Онда Алагөзова әкесін әрқашан мақтан тұтатынын, қимайтынын, сағынатынын айтқан. Сонымен қатар Мақсат Мұхитденовтің көзі тірісінде жазған еңбектерін түгелдей оқып шығып, бұл әлемге қандай мұра қалдырғанын түсінуге тырысатынын жеткізіпті.

"Әкешім, мен сені соңғы сапарға шығарып салуға ұшып барамын. Сенің дауысың, бейнең, күлкің мәңгі есімізде. Жұмыс кабинетіңе кіріп, ескі орындығыңда отырамын. Жазған еңбектеріңді түгел оқып, бұл әлемге қандай жаңалық, мұра қалдырғаныңа көз жүгіртемін. Мен сені әрқашан мақтан тұттым. Сен туралы ешқашан жаман ойлаған емеспін. Өйткені сен бұл өмірдегі ең ақылды, ақжарқын, ерекше жансың. Мен мақтан тұтар қызың болуға тырыстым. Өзіме сенімді болуды үйреттің. "Егер талантың болса биігіңе өзің жетесің, талантың бомаса, мен қызым үшін ұялғым келмейді" деген бір ауыз ақылы мені алға жетеледі. Өмірлік ұраныма айналды. Саған алғысым шексіз. Өзіңдей әке бұл өмірде жоқ. Түсінемін. Мен сені қатты жақсы көремін", — дейді Баян Мақсатқызы.