Әнші Димаш Құдайберген қазақстандықтарды интернет алаяқтардан сақ болуға шақырды деп хабарлады turkystan.kz. Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды.
«Ассалаумағалейкум, құрметті достар! Бұл бейнетаспаны жазудағы мақсатым – интернет желісінде, Facebook-те менің атымнан ашылған түрлі парақшалар халыққа және маған зиянын тигізе бастады. Жалпы мен ешқашанда ақша сұрайтын ойындар өткізбен емеспін. Тыңдармандарым біле жатар, қателеспесем тікелей эфирдің өзіне 3-4 рет қана шыққам. Алдағы шығармашылық жаңалықтармен бөлісу үшін. Соны скриншотқа түсіріп алып, өздерінің алаяқтық әрекеттерін жүзеге асыру мақсатында Димаш Құдайберген болып Facebook-те жалған парақшалар ашып алып, халықпен тілдесіп отырған фотомды қойып қойған. Сол арқылы лотерея сияқты түрлі ойындар өткізіп жатқан сияқты етіп көрсеткісі келіп жатыр», – деп жазды.
Осы орайда әнші жерлесіміз баршаны жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.
«Ондайға ешқашан сенбеңіздер, мен ойындар ұйымдастырған емеспін. Оның маған қажеті де жоқ, сол себептен алданып қалмаңыздар. Ескерту, айту мақсатында осы видеоны түсіріп жатырмын. Ешқашанда интернет арқылы ешкімге ақша жібермеңіздер», – дейді ол.