ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында «Халықтық дәстүр –қалыптықтың белгісі» атты іс-шара өтті. Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
«Балықты ауылдық округіне қарасты Балықты ауылдық мәдениет үйінде «Халықтық дәстүр –қалыптылықтың белгісі» атты фестиваль өтті. Іс-шараның негізігі мақсаты бабаларымыз қасық қанын, шыбын жанын сала қорғаған қазақ халқының асыл мұралары салт-дәстүр, әдет-ғұрпы мұрасын болашаққа жеткізу, ұмыт болған дәстүрлерімізді жаңғырту», - делінген аудан әкімдігі таратқан осынау хабарламада.
Іс-шараға Балықты ауылдық округіне қарасты елді –мекендердегі өнерпаздар қатысты. Фестиваль барысында қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан алты ауызы мен қара өлеңдері шырқалып, әдеп-ғұрып, салт дәстүрлерден көрініс көрсетілді. Дәстүрлі әндермен мен жыр-термелер шырқалды.
Айта кетейік, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын Оңтүстік Қазақстан облысының халқы бірнеше айдан бері атап өтіп келеді. Облыс аумағында түрлі концерттік бағдарламалар қойылып, спорттық сайыстар өтуде. Сонымен қатар, әдеби, рухани кештер ұйымдастырылып, халық назарына қолөнер шеберлерінің және суретшілердің туындылары ұсынылуда. Мұндай мерекелік шаралар облыс аумағында желтоқсан айының соңына дейін жалғасады деп күтілуде.