Жуырда қызының бесік тойын дүркіретіп өткізген Қабдол Тлеков алғаш рет қызы туралы сұхбат беріп, сүйінші жаңалықтарын тілшімізбен бөлісті.
Талай келіннің бетін ашып, тойларында ән салып жүрген Қабдолдың өз шаңырағында да үлкен той болды. Бұл - қызының шілдехана бесік тойы еді. Қабдол бұл айтулы шараны Алматыда емес, туған өлкесі Ақжайықтың жағасында дүркіретіп өткізуді жөн көрген.
“Иә, тойымыз Оралда өтті. Себебі ата-ана, жақындарымыз сол жақта. Сондықтан, Алматыны емес, Оралды таңдадық” деп ағынан жарылған әнші әлі де әкелік сезімді аса сезінбей жүр екен.
“Шынымды айтсам, әлі әке екенімді сезініп жүрген жоқпын. Көп қызы бар достарымыз “қыздың қылығы шыққанда, тәй-тәйлап жүргенде үйден шыға алмай қаласың” дейді. Оны енді сәл өскенде байқалатын шығар”, – дейді Қабдол.
Тұңғышына ерекше Рухия деген есімді ата-анасымен ақылдаса отырып Қабдолдың өзі таңдаған. Әзірге әкелік сезімді аса сезінбесе де, жас әке үлкен жауапкершілікті сезініп, жұмысты бұрынғыдан да екі есе көп атқарып жүргенін жасырмады.
“Әрине, әйелім бар, қызым бар, жауапкершілікті сезінемін. Олардың тамағы мен киімін тауып беру - менің міндетім. Бұрын өзім үшін ғана жұмыс жасасам, қазір аманаттарым бар екенін білемін. Сондықтан, жұмысқа “серезьно” кірісесің. Қазір солай жұмыс деп шапқылап жүрміз, әйтеуір”, – дейді ол.
Үлкен шабытпен жұмыс істеп жүрген Қабдолдың “Қабдолский шоуы” да көрермен көзайымына айналып үлгерді.
Бұл жобаны сері жігіт екі жыл бұрын жоспарлап, тек 2022 жылы ғана бір топ достарымен бірігіп түсіре бастаған.
Санаулы айлардың ішінде көп қаралым жинаған бұл Youtube арна жігіттерге жақсы табыс көзі екенін де мойындады.
Алайда көз тиеді деді ме, сөз тиеді деді ме әйтеуір Қабдол трендтегі жобаның қанша табыс әкелетінін құпия қалдырды.
Есесіне гардеробтағы ең қымбат кастюмін айтып, бір марқайып алды.
“Бағасы 800 000 теңге тұратын кастюмді сатып алдым. Гардеробтағы жалғыз ең қымбат киімім сол ғана әзірге. Бұрын сондай қымбат киім алғандары көргенде “ойбай, ужас, не керек ол” деп ойлайтын едім. Сөйтсем, қымбат киімді киіп көрмегенше қадірін түсінбейді екенсіз.
Киген кезде матасы да өзгеше, денеге қонымды, басқаша сезімде болады екенбіз. Өзім сондай ерекше сезімде болды. Негізі ең үлкен инвестиция - адамның өзіне салған ақшасы деп білемін”, – деп сөзін аяқтады сегіз сырлы бір қырлы жігіт.
Дереккөз: stan.kz