Айтыскер ақын Сара Тоқтамысова жүктілікті көпшілікке жария етпей, керісінше, жұрттан жасырын ұстау керегін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
“Қазір инстаграмды ашып қалсаң, қазақтың қыздары, келіндері роддомда ішін ұстап алып қалай толғатып жатқанын, толғақ күтіп жатқанын, тіпті қалай босанғанын көрсететін неше түрлі рилстар мен стористер қаптап кетіпті (әлде маған ғана солай көріне ме?). Өзім ондайды сала алмайды екем. Оған менің ұстанымым да, ата-анам берген қазақы тәрбием де сәйкес келмейді. Парақшамды қарсаңыздар, тіпті жүкті кезімде фотосессия да жасамаппын. Күйеуіне қарнын ұстатып фотоға түскен жастарды түсіне алмай кететін шығармын”, – дейді Сара Тоқтамысова.
Көпшілік жақында босанған айтыскердің жүкті екенін де байқамай қалған.
“Маған “сіздің жүктілігіңізді де, қалай босанғанызды да білмей қалдық” деп жатыр. Жүктілік дегеннің өзі де өте бір қасиетті де қастерлі әрі жеке шаруа ғой. Отбасылық альбомда сақталатын, жақын достар арасында айтылатын дүниелерді айдай әлемге паш етуді құптамайды екем. Қазір заман қанша жерден өзгерді дегенмен әр нәрсенің жөні бар-ау. Қазақылықтан аттамау керек деп ойлаймын. Қанша жерден дамысақ та ата-бабамыздан даналығымыз асып кеткен жоқ. Өзгенің қаңсығын таңсық қылмай, өз құндылығымызды дәріптейік, құрметтілерім. Инстаграм бар екен деп көрсететінді де, көрсетпейтінді де шығара бермейік. Тек өзіміз ғана білетін асылымыз арамызда қалсын да”, – делінген жазбада.
Желі қолданушылары ақынның сөзін қос қолдап қолдады.
“Сара қыз,өте дұрыс айтасың. Қарнын күйеуіне сипалатпай-ақ бізді аналарымыз туды ғой”, “Иә, көріп отырып, ұялып кетесің”, “Өз араңда болатын дүниені әлемге көрсетудің қажеті жоқ”, “Қазаққа жат, жараспайды”, “Өте дұрыс айтасыз. Мен де түсінбеймін. Толғатып жатқанда қалай телефонды қосып қояды?”, – деп жарыса жазды желі қолданушылары.