Актриса, әнші Айгүл Иманбаева «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Лондон қаласына оқуға түсті. Бұл жайлы өнер иесі «Өмір көркем» бағдарламасында айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
«Өзім дамығанды, өскенді, білім жетілдіргенді жақсы көретін адамның қатарынанмын. Қуанышымда шек болған жоқ. 35 жастан асқанда сіз даму жолына түспесеңіз, біреуге ақыл айтып, миын ашыта бастайсыз.
Кім ақыл айта бастайды, ол адамның орнында тоқтап қалғанын байқауға болады. «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбритания елінің Лондон қаласындағы арт-менеджемент мамандығы бойынша тағылымдамаға түстім.
Менің екі жоғары біліміммен және магистратуралық біліміммен маған студент болып, күні-түні оқығаннан пайда болмайды. Сондықтан дәл осы мамандық бойынша тағылымдамадан өткенім ауадай қажет дүние. Биыл Қазақстанда докторантураға тапсырамын деп қатты дайындалдым.
Бірақ IELTS деңгейі жоғары болды. Менің ағылшыншам үшінші деңгейде. Алтыншы деңгейге жету үшін біраз жұмыс дүние жасауым керек. IELTS емтиханын қарап шықсам, қиындықтар көп болды.
Өзіммен-өзім күрескім келді. Кімді алдаймын? Ығай-сығайға жоқ адаммын. Сондықтан «Англияда оқып келіп, докторантураға емін-еркін тапсырамын» деген мақсат қойдым. Сәуір айының 1-і күні жол жүремін», — деді Айгүл Иманбаева.