06.03.2023, 14:20

Қазақ тілінде ақпарат ұсынбаған жанармай бекеті қомақты айыппұл арқалады

Фото: newtimes.kz
Субъектіге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды.

Қазақстандық "Гелиос" жанар-жағармай құю станциясы техникалық регламенттің талаптарына сай келмейтін тауарды сатқаны үшін айыппұл арқалады, деп хабарлайды Sputnik.kz. Ведомствоның ақпаратынша, "Гелиос" ЖШС-ның Көкшетау филиалы Кеден одағының "Майлау материалдарына, майларға және арнайы сұйықтықтарға қойылатын талаптар туралы" техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтін тауарды сатқаны жауапқа тартылды.

"Тексеріс барысында "MANNOL EXTREME 5W40, 1 L, майының өндірушісі: SCT Lubricants, Infoline: SCT-VERTRIEBSGMBH Feldstrasse 154 22880 Wedel/Hamburg Germany" маркалы мотор майының таңбалану бөлігінде КҚ ТР 4.4 тармағының талаптарына сәйкес мемлекеттік тілде ақпарат жоқ екені анықталды.

Сондай-ақ ұсынылған бейнематериалдар бойынша заңды тұлғаның талабы бойынша сапа паспортының көшірмесін немесе қауіпсіздік паспортының көшірмесін сатушының ұсынбауы жайлы факт тіркелді", - делінген хабарламада.

Субъектіге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Жалпы сомасы 414 000 теңге айыппұл салынды.