Астанада қауіпсіздік техникасы мен еңбек қорғау ережесі бұзылуына байланысты "Райымбек" және "Ayana Plaza" көппәтерлі тұрғын үй кешенінде құрылыс-монтаж жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды Sputnik.kz.
"Райымбек" көппәтерлі тұрғын үй кешені бойынша анықталған заң бұзушылықтар жойылды. Ал "Ayana Plaza" көппәтерлі тұрғын үй кешені бойынша материалдар сотқа берілді. Сондай-ақ өткен жылдың өзінде мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасын бұзғаны үшін 87 жұмыс берушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты. Айыппұл сомасы 16 млн 700 мың теңгеден асты.
Құрылыстағы өндірістік жарақаттанудың негізгі себебі нысандарда жұмыс өндірісінің жоғары қарқыны және құрылыс салушылар тарапынан еңбектің қорғалуы мен қауіпсіздік техникасына қажет қаражаттың жеткіліксіз бөлінуі болып саналады. Көп жағдайда шағын мердігерлік ұйымдарда қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттары жоқ. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қызметкер жеке қорғаныс құралдарымен (қорғаныс бас киімі, арнайы киім, монтаждау белдігі), сондай-ақ ұжымдық қорғау құралдарымен қамтамасыз етілуге тиіс. Сонымен қатар биік орындардағы жұмыс орындарында және оларға өтетін жолдарда қорғаныс қоршаулары болуы керек және заттардың биіктен құлап кетпеуі үшін қорғаныс торлары болуы керек.
Құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптары сақталмаған жағдайда жұмыстың барлық түрі тоқтатылады, сондай-ақ әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шаралары қолданылады. Мемлекеттік еңбек инспекторлары кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмысын жүргізеді, ұйым басшылығына өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі міндеттер түсіндіріледі.