$ 442.05  474.14  4.74

Мемлекет басшысы Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысты

Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады. Әр баланың жетістігі – ана махаббатының жемісі.
Фото: t.me/aqorda_resmi
Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтап, ұлтымыздың дүниетанымында әйелдің орны ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы сұлулық пен нәзіктік, мейірім мен шапағат – бәрі де әйелдерден бастау алатынын жеткізді.

"Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-ана», «Отан-ана» ұғымдарымен тығыз байланысты. «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар. Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады. Әр баланың жетістігі – ана махаббатының жемісі. Ұлы Абай айтқан «Толық адамға» тән асыл қасиеттер ұрпақтың бойына ана арқылы дариды", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастарға салынған қаражат – ең ұтымды инвестиция» екенін атап өтті.

"Қазір қыздарымыз әлемнің ең үздік университеттерінде білім алып жатыр. Жаһандық компанияларда жұмыс істейді. Сан түрлі кәсіпті меңгерген әйелдер қоғамның түрлі саласында табысты еңбек етіп жүр. Олардың арасында мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметші, тәрбиеші, тігінші және басқа да мамандық иелері бар. Халықаралық жарыстарда көк туымызды биікке көтерген спортшы аруларымыз да аз емес. Қаншама қыз-келіншектер бизнеспен айналысып, мыңдаған адамға жұмыс ұсынып отыр. Мен баршаңызды мақтан етемін! Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін", – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты жиын соңында Мемлекет басшысы «Аруана» үздік әйелдер жобасы байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл марапат әртүрлі салада әлеуметтік маңызы бар жобалармен айналысып, азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосып жүрген іскер әйелдерге он номинация бойынша табысталды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары