Көңіл айтамыз
Ұлы Отан соғысы біртіндеп тарих қойнауына кетіп, сын сағатта Отанды қорғау үшін алдыңғы шепке шыққан ардагерлеріміз азайып барады. Ұлы Отан соғысының ардагері, Алматының құрметті тұрғыны Назима Әбдіғалымқызы Құсайынова өмірден өтті. Ол 8 наурыз күні 99 жасқа толар еді...
Қаһарман апамыздың бір ғасырға таяған өмірі еліміздің қаншама тарихи кезеңдерін бейнелейді. Талай тар жол, тайғақ кешулерден өткен апамыздың өмірі жастарға адал еңбек жолын көрсетеді.
Назима Әбдіғалымқызы Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Ново-Алексеевка ауылында дүниеге келген. 1941 жылдың маусым айында 10-сыныпты бітірген 17 жастағы қазақ қызы Қызыл Армия қатарына шақырылады. Кешегі мектеп түлегі алдымен облыстық әскери комиссариатқа түсіп, одан кейін эшелонмен Қиыр Шығысқа жіберіледі. Онда үш ай бойы оқу лагерінде дайындықтан өтті. Кейіннен бұл парашютші қыз қан майданда кеңес жауынгерлеріне талай рет көмекке келді.
– Назима апа 633-ші авиациялық батальонға оқуға жіберіледі. Онда жас қыздарды жаудың артқы шебіне жіберу үшін парашютпен секіруге үйреткен. Содан кейін ол 226-шы авиациялық әскери бөлімге жіберіліп, онда одан әрі қызметін жалғастырады, – дейді ардагердің туыстары.
1945 жылдың мамыр айында қаһарман қызға және басқа да көптеген жауынгерлерге соғыс әлі аяқталмаған еді. Олар тағы бірнеше ай бойы Кеңес Одағының Қиыр Шығысында Жапонияны жеңгенге дейін шайқасты.
Назима Әбдіғалымқызының айтуынша, біздің еліміз фашистік Германияны да, Жапонияны да кеңестік сарбаздар мен офицерлердің шыдамдылығы, батылдығы мен табандылығының арқасында жеңді. Ол өзін үлкен әскери механизмнің кішкентай бөлігі ретінде санады. Бірақ тарих ол секілді адамдар болмағанда, үлкен жеңістің де болмайтынын көрсетті.
«Соғыстың аяқталғанына қуануға көп уақыт болмады. Бізді бірден Маньчжурияға, жапондықтар жаулап алған Қытай провинциясына көшірді. Мен Отаныма 1945 жылдың қазан айында ғана оралдым», – деп көз тірі кезінде еске алатын Назима апа. Батыр қыз шайқаста көрсеткен ерлігі үшін I және II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және 20-дан астам медальмен марапатталды. Оның ішінде «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Жапонияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысының ардагері» марапаттары бар.
Майданнан үйіне аман-есен оралған Назима апа ұзақ уақыт туған жері Қобдада өмір сүрді. Онда балалар үйінде тәрбиеші, кейін сатушы болып жұмыс істеді. Алайда, тұрмысқа шыққан соң, Алматы облысына көшеді. Жұбайы Досымхан Құсайыновпен бірге алдымен Шамалған станциясында тұрып, кейін Алматыға келеді.
Н.Әбдіғалымқызы екі ұл тәрбиелеген. Ұлдардың үлкені кенеттен қайтыс болды, ал кішісі Серік Құсайынов – Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі атанып, ұзақ уақыт мемлекеттік қызметте жұмыс істеді, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
Зейнеткерлікке шыққанға дейін Назима апа Қаскелең ауданының «Дружба» кеңшарында бухгалтер болып жұмыс істеген. Соғыс ардагері қартайғанына қарамастан, туған жеріне жиі келетін. Аудан орталығынан бірнеше шақырым жерде орналасқан Қобда жолындағы соңғы айналымына оның есімі берілген. Қазір бұл жер Назима аялдамасы деп аталады.
Назима Әбдіғалымқызы әр күн үшін тағдырына ризашылығын білдіріп, өмір бойы адал жұмыс істеді, достары мен туыстарына қамқоршы болды.
Ұлы Отан соғысының ардагерін білетін әр адамның жүрегінде қайғы орнағаны хақ. Батыр апамыз Назым Құсайынованың бейнесі отандастарымыздың жадында мәңгі әділ, мейірімді, дана адам болып қалады.
almaty-akshamy.kz