08.03.2023, 17:30

Павлодарда қатты соққан жел салдарынан 21 ауыл жарықсыз қалды

Фото: Павлодар облысы ТЖД
Ал Павлодарда 4 қабатты әкімшілік ғимараты шатырсыз қалды.

Павлодар облысында түнде соққан қатты жел салдарынан облыстағы 21 ауыл жарықсыз қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі өкілдерінің мәліметінше, электр желілеріндегі апатты жоюға 22 адам мен 5 техника жұмылдырылған.

Ведомствоның мәліметінше, желдің екпіні секундына 27 метрге дейін жеткен.

"8 наурызда сағат 04:15-те Жаңатлек кентінде Б.Хайдаров атындағы мектептің 51 шаршы метр аумақта шатыры жартылай опырылды", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері.

Ал Павлодарда сағат 06:30-да 4 қабатты әкімшілік ғимарат шатырсыз қалды.

"Ғимараттың 1440 шаршы метр алаңында қаңылтыр шатыр ұшып кеткен. Ғимарат 1980 жылы салынған және кейінгі рет былтыр жөндеуден өткен", - деп хабарлады министрлік өкілдері.