12.03.2023, 17:50

Елорда тұрғындары көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына қарсы шықты

Фото: SN.kz
Тұрғындар құрылыс компаниясының құрғақ уәдесінен шаршаған.

Астанада «Family Village» қалашығының тұрғындары жанайқайын айтты. Тұрғындар Астананың «Жасыл белдеуінің» қасынан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы мен коммуналдық қызметтердің өте қымбат болуына наразы, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат агенттігі.

«Үйімізді жылытуға айына 200 мың теңге кетеді» деген тұрғындар әкімдік газдандыру мәселесін дұрыс қолға алмай жатыр деп ашынады.

«Кең байтақ жеріміз, не жетпей жатыр? Алматыны түсінемін жан-жағы тау. Неге басқа жақтан көпқабатты үйді салмайды. Бізге 40-қабатты үйдің не қажеті бар? Бізге үйді сатарда, бұл жерде «Жасыл белдеу», үйлеріңіз керемет жерде деп айтқан болатын. 

Мен зейнеткермін. Біз үйімізді жылытуға 200 мың кетеді, кейде зейнетақымыз жетпей қалып жатыр. Неге бізге өтірік айтып жасатқызды, бір-екі жылда газ болады деп. Көмір жағуға болмайды, себебі ауа таза болады дегенге біз келістік, бір-екі жыл мейлі деп, бірақ 10 жыл болды, әлі газ жоқ. Келіп тұрған газды бере алмай отыр, 2025 жылы беріледі деп», - деді жасы 80-ге таяған әже.

Тұрғын Серікбек Омаровтың айтуынша, бұл қалашықтың аумағындағы негізгі проблемалардың бірі транспорт мәселесі. 

«Бұл аймақта бар жоғы бір жол, қазірдің өзінде көлік көп, кептеліс. Тағы 9 қабатты 24 тұрғын үй салынайын деп жатыр. Ол кезде жағдай мүлдем басқаша болады.

Бұл қалашықтың тұрғындары қаладан алыс тұрайық деп, қаланың шет жағынан үй алған. 10 жыл бұрын үйді сатып алғанда, саябақ болады деген болатын. Алайда қазір көпқабатты үй салып жатыр», - дейді тұрғын Серікбек Омаров.

500-ге жуық отбасы тұратын қалашық айналасында тұрақты құрылыстың салдарынан көшелердің жол жамылғысы зардап шегуде, барлық инфрақұрылым балалар және спорт алаңдары тозып барады. 

Тұрғындардың айтуынша, «Family Village» коттедж қалашығын салуға қаражат салу кезінде құрылыс салушы тұрғындарға уәде еткен саябақ, сквер, велосипед жолдары мен жайлы демалыс орындары жоқ.

Құрылыс компаниясының құрғақ уәдесінен шаршаған тұрғындар Президентке хат жазып, қордаланған мәселелердің тез арада шешілуін талап етіп отыр.