$ 481.84  531.33  5.07

Орал қаласында төтенше жағдай жарияланды (ВИДЕО)

Сонымен қатар жылыту жүйелері өшірілді.

Орал қаласында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орал қаласы әкімдігінен мәлім еткендей, 11 наурызда жедел штабтың отырысы өтіп, жергілікті аумақта табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы шешім қабылданған.

Орал қаласы әкімінің төтенше жағдай жариялау туралы шешімі бүгінгі күнмен шықты.

Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың болуын негіздейтін материалдар, оны оқшаулау және жою жөніндегі іс-шаралар, материалдық-техникалық, қаржылық және адами ресурстардың тиісті негіздемелері мен есептері ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 14 сәуірдегі №170 бұйрығына сәйкес ұсынылады.

Қала әкімдігінің мәліметі бойынша ауа райының күрт жылынуы, қардың күрт еруіне және жердегі тоңның қалың болуына байланысты кеше Ысқырық тау (Свистун гора), Сарытау шағынауданы, Саратов тасжолы бойындағы каналдар мен Құс фабрикасындағы өткелде ағын су пайда болды.

Су көп мөлшерде келгендіктен, құбырлардан өткізуге мүмкіндік болмады.

Салдарынан Саратов тас жолы бойында орналасқан Мұрат Мөңкеұлы көшесі бойындағы 8 көпқабатты үйдің жертөлесін су басты.

Қазіргі уақытта осы үйлердің жертөлелерінен су сору жұмыстары жүргізілуде.

Суды өткізу үшін С.Айтқұлов көшесі бойындағы жол кесілді. Сондай-ақ Саратов тас жолының бойындағы «Алтындар» гипермаркеті мен «Автодоктор» ТБС-на қарама-қарсы су өткізу каналының 2 учаскесінде КАТ («Жайық Таза қала» ЖШС) техникасымен топырақ төгіліп, мотопомпалар орнатылды.

Электр сымдарының тұйықталуына жол бермеу мақсатында электр жарығын беру тоқтатылды (990 абонент). Сонымен қатар жылыту жүйелері (жоғарғы қабаттар) өшірілді.

Кеше кәріз жүйелерінің еріген сулармен толып кетуіне байланысты Зачаган кентінде су беру қысымы төмендеді (70 мың абонент). Қазіргі уақытта су беру қалпына келді.

«Жұмыстарға 150-ден астам адам, 4 КАТ, 8 КамАЗ, сондай-ақ, ТЖД техникасы, атап айтқанда 1 ПНС-110 (ЗИЛ базасындағы мотопомпалар), 6 мобильді (тіркемелі) мотопомпалар және басқа 6 арнайы техника жұмылдырылды. Күні бүгін Зачаганда жағдай тұрақты. Қала бойынша басқа да іс-шаралар атқарылуда» деп хабарлады ведомстводан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары