Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 22-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен шеберлік байқасты.
Қарсыластар осыған дейін бес рет кездесіп, соның төртеуінде испаниялық спортшы жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы Е.Рыбакина 6:3, 7:5 есебімен есе қайтарды.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде Е.Рыбакина 9 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. П.Бадоса 2 эйс, 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.
Елена Рыбакина жалпы жүлде қоры 8,8 млн АҚШ долларына бағаланған мастерс жарысының ширек финалына шығу үшін ресейліктер, әлемнің 8-ракеткасы Дарья Касаткина немесе рейтингте 66-сатыдағы Варвара Грачеваның біреуімен таласады.
Өткен жылы бұл додада финалда грекиялық Мария Саккариді ұтқан Польша өкілі, әлемнің 1-ракеткасы Ига Швентек жеңімпаз атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Индиан-Уэллс мастерс турнирінің үшінші айналымына шыққанан жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық жасөспірім теннисшілер әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысады.