Қарағанды облысы Шахтинск қаласының іргесінде орналасқан Шахан ауылында кеше түнде көпқабатты үйдің бір бөлігі опырылып құлап, салдарынан 9 адам қайтыс болған еді. Бүгінде оқиға орнында үйінділерді аршу жұмыстары жалғасып жатыр деп хабарлайды ҚР ІІМ ТЖК-нің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
Оқиға 1 қаңтар күні түнде 22:40 шамасында орын алған. Алдын ала болжам бойынша, үйдің жертөлесінде орын алған жылыту қазандығы жарылып, бір подъездегі пәтерлер толық жермен-жексен болған.
"Қазіргі таңда төтенше жағдайдың салдарымен күресу мақсатында Шахан елдімекеніндегі қираған үйге 280 адам жіберілді. Олардың қатарында құтқарушылар, полиция қызметкерлері, жергілікті атқару органдарының өкілдері, жедел жәрдем бригадасы, Ұлттық Гвардияға қарасты №52859 әскери бөлімінің ауыр инженерлі техникасы және жеке кәсіпкерлер бар", - деді Руслан Иманқұлов.
Естеріңізге салайық, оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар алдымен бір адамның мәйітін тапқан болатын. Кейін таңға дейін тағы 8 адамның денесі жер бетіне шығарылды. Қайтыс болған 9 адамның үшеуі ер азамат, үшеуі әйел және қалған үшеуі кішкентай балалар.