Петропавл қаласының тұрғыны заңсыз түрде қыруар қару-жарақ түрлерін жасап шығарған. Қазіргі уақытта оған қарсы қылмыстық іс қозғалып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Солтүстік Қазақстан облыстық ІІБ экстремизммен күрес бөлімшесіне суыт хабар келіп түскен. Ол бойынша, Петропавл қаласының 32 жасар тұрғыны қару-жарақ жасап шығарып жатқаны белгілі болған.
Әуелгіде полиция қызметкерлерінің шарасы барысында қаланың 30 жасар тұрғыны қолға түседі. Өз автокөлігінде отырған одан қауіпті «ИЖ-27» газ тапаншасы тәркіленеді. Қару ұрыс жағдайына ыңғайлы етіп жасалған екен. Одан кейінгі жедел шаралардың арқасында полиция өкілдері әлгі қаруды жасаушы 32 жасар петропавлдық азаматты тауып алады.
«Ұстау барысында одан дәлдік көздемесі бар Калашников автоматы табылды. Сонымен бірге, оның пәтерін тексеру барысында 108 дана оқ (5,45 мм және 5,6 мм калибрлі) пен «МР-654К», «ИЖ-79», «Вальтер» маркалы үш тапанша табылған. Одан бөлек, сол пәтерде қару-жарақ дайындауға қажетті құрылғылар: әр түрлі калибрлі гильзалар және қаруды қалай жасау қажеттігін көрсететін сызбалар жазылған дәптер табылған», делінген хабарламада.
Тексеру қорытындысында тәркіленген қару ұрысқа қажетті қару екені белгілі болған.
Ал, сол қаруларды жасаушының өз сөзіне сенсек, ол бұрын слесарь болып қызмет еткен екен. Осыдан бірер ай бұрын ғана қару жасау қабілетін тексеріп көрмек болған. Қажетті жабдықтар мен оқтарды таныстарынан алған. Ал, жасалған қаруларын сатпақ болған.
Аталған іс бойынша, қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қолы шебер қару жасағыш тергеу изоляторына қамалды. Әзірге тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Артынша істің барша ақ-қарасы белгілі болмақ.