$ 498.34  519.72  4.85

Зайсандық 9 жасар бала барлық әкімді жатқа біледі (ВИДЕО)

Тіпті қазақ зиялыларының туған жылын жатқа біледі.

Әкімдерді жатқа білетін 9 жастағы зайсандық бала көпшілікті таңғалдырып жүр. Ол еліміздің облыс, қала әкімдерімен қоса, аудан, ауыл әкімдерінің есімін жаттап алған, деп хабарлайды Massaget.kz.

Мағжан Нұржанұлы 9 жаста. Ол - Зайсан ауданындағы Мұрат Дәуленов атындағы мектеп-интернатының 3-сынып оқушысы. Анасы Мақпал Құмарқызы - мектепте ағылшын тілі пәні мұғалімі, ал әкесі - Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Сарытерек ауылдық округінің әкімі. 

Жастайынан зерек бала әкімдер есімін неге жаттап жүргенін айтты.

"Өзім жаттаймын. Көбіне сайттардан қараймын. Менің бүкіл әлемге қызығушылығым бар. Сол үшін әкімдердің есімін жаттаудан бастауды жөн көрдім", - дейді ол.

Анасының айтуынша, отбасы Мағжанның кішкентайынан есте сақтау қабілеті жақсы екенін аңғарған. Ол бос уақытында кітап оқығанды, ұлы адамдар жайлы мәлімет жинағанды жақсы көреді. Тіпті қазақ зиялыларының туған жылын жатқа біледі. 

"Кішкентай кезінен барған жерінің жолын ұмытпайды. Бала болып ойыншық ойнап көрмеген, бар білгені - кітап оқу. Бұл жағынан әкесіне тартқан", - дейді анасы. 

Кішкентай Мағжан қандай кітапты сүйіп оқитынын, қай ақынның шығармашылығы ұнататынын айтты. 

"Абай жолын", түрлі ертегілерді оқыған ұнайды. Одан басқа, Мұқағали Мақатаевты оқимын. Ал ең сүйікті шығармам - "Отан", - дейді бала.

Мағжан - үйдің үлкені. Артында Сезім есімді қарындасы бар. Мағжанның басқа балалардан ерекшелігі - ол ұялы телефон арқылы ойын ойнамайды. Оның орнына, зерек бала ғаламтордан ұлы тұлғалар туралы мәліметтерді іздеп оқығанды ұнатады. Мектеп мұғалімері де баланың дарынын айтып, зерек зейінін байқаған. 

"Болашақта хирург болуды армандаймын. Мен дәрігер болсам, алдымен атама, ата-анама көмектесемін", - дейді зерек бала. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары