$ 490.84  536.88  5.04

Шығыс Қазақстанда мектеп есепшісі 11 миллионнан астам қаражатты жымқырған

Ол мектепте қызмет атқармайтын туыстарының банктік карталарына заңсыз аударып отырған.
Фото: newtimes.kz
Фото: newtimes.kz

Шығыс Қазақстан облысының Күршім аудандық соты мектеп есепшісінің 11 миллионнан астам қаражатты жымқырғанын анықтады, деп хабарлайды ШҚО соты ресми сайтында.

Ведомствоның жазуынша, Шығыс Қазақстан облысының Күршім аудандық соты Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 3-бөлігінің 1, 2 тармағында көзделген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін азамат М.-ға қатысты қылмыстық іс қаралған.

"М. "Күршім ауданы бойынша білім бөлімі" орта мектебінің есепшісі бола тұра, 2018 жылдың қаңтар айынан 2022 жылдың шілде айы аралығында бюджеттік ақша қаражатын өзінің банктік картасына және мектепте қызмет атқармайтын туыстарының банктік карталарына заңсыз аударып отырған. Осылайша, мемлекетке 11 936 063 теңге сомасында залал келтірген", – дейді облыстық сот.

Облыстық сот күдіктінің өз кінәсін мойындағанын, жәбірленуші тараптың куәлардың түсініктемесінің барын және сот-экономикалық сараптама қорытындысы М.-ның кінәсін толық дәлелдегенін хабарлаған.

Прокурор сотталушыға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұраған. Сотталушы М. өз кінәсін мойындап, 9 миллион тенгені құмар ойындарға, ал қалғанын несиелерін жабуға жұмсағанын көрсетіп, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды өтінген. Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының кінәсін толық мойындап, істеген әрекетіне өкінетінін және жасөспірім балаларының болуын ескерді.

"Сот азамат М.-ны кінәлі деп танып, оған мемлекеттік қызметті атқаруға өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады", – делінген облыстық соттың шешімінде. Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары