Сирияның солтүстігіндегі Идлиб провинциясында әуеден жасалған соққылардан кейін "Джабхат Фатех аш-Шам" лаңкестік ұйымының кемі 25 содырының көзі жойылды деп хабарлайды BBC News. Бейресми деректерде қаза тапқандардың топ жетекшілері екені айтылады.
Лаңкестердің өздері болса әуеден жасалған шабуылдың артында АҚШ жетекшілік ететін коалициялық күштердің тұрғанын айтып отыр.
Сирияда жұмыс істеп жатқан адам құқықтарын қорғау ұйымдары "Джабхат Фатех аш-Шам" ұйымына шабуылды кімдердің жасағаны белгісіз дейді. Аталған ұйым былтыр шілдеге дейін "Фронт әл-Нұсра" деген атаумен танымал болған. Оның жетекшілері "Әл-Каида" лаңкестік ұйымымен тығыз байланыста.
Ресей мен Түркияның ресми өкілдерінің айтуынша, 30 желтоқсанда қол жеткізілген оқ атпау туралы келісімге "Джабхат Фатех аш-Шам" ұйымының жетекшілері қатыспаған.