Біз табиғатқа тікелей тәуелдіміз. Ондағы болып жатқан құбылыстармен санаспай жүре алмаймыз. Таңертең ұйқыдан оянған кез келген адам бүгінгі күннің ауа райына бір көз жүгіртіп шығады. Даланың салқын немесе суықтығына қарай киім таңдап, әрі қарайғы іс-әрекетін жоспарлайды. Ал сол күннің райынан бізді күнделікті хабардар етіп отыратын мамандар туралы не білеміз? Көзге көріне бермейтін, бірақ өте маңызды қызмет атқаратын синоптиктердің жұмысы көпке жұмбақ әрі қызық.
Синоптик мамандар атмосферада болып жатқан физикалық процестерді үнемі өз бақылауларында ұстайды. Сондай-ақ, оларды күн райының алда қалай құбылатынын болжауға маманданған метеорологтар. Синоптик сөзінің шығу тарихына үңілсек, грек тілінен тәржімалағанда «шолушы, бәрін бірге шолушы» деген мағынаны білдіреді екен.
Ел тұрғындарын ауа райынан құлақтандырып отырған синоптиктердің жайы мен жұмысын толығырақ білу үшін «Қазгидромет» РМК баспасөз бөлімімен байланысқа шығып көрдік. Алина Серікқызының айтуынша, әлемді жайлаған COVID-19 вирусы кезінде де синоптиктер өздерінің жұмысын қалыпты жағдайда атқара берген. Яғни, өзге мамандық иелері сияқты қашықтықтан жұмыс істеу синоптиктер өмірінде болмаған жайт.
«Біздің мамандарымыз аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат дамылсыз, демалыссыз жұмыс істейді. COVID-19 кезінде де әдеттегі режимде қызметімізді жалғастыра бердік. Мереке күндеріне де қарамаймыз. Өйткені ел тұрғындарының алдында үлкен жауапкершілігіміз бар. Барлық транспорт түрлерінің қозғалысы күн райының құбылуына қарай жүзеге асады. Мектептер де, ауруханалар да жалпы барлық мекемелер жұмысы тікелей біздің болжамға бағынышты».
Мұның барлығы сіз бен біздің күнімізді жоспарлап шығуымыздың артында қаншама жұмыс жатқанының дәлелі. Нақты санына келер болсақ Алина Серікқызының сөзінше, Қазақстан бойынша барлығы 15 филиал бар. Ол филиалдарда 3000 аса синоптик мамандар күнделікті демалыссыз жұмыс істейді. Қызығынан күрделілігі басым бұл сала мамандарына қанша алғыс айтсақ та аз. Олар күн сайын білім мен тәжірибені қатар талап ететін шағын ғылыми еңбек жазып шыққандай болады.
Жауапты әрі күрделі жұмыстар атқарып отырған мамандардың жұмысы мемлекет назарынан тыс қалған емес. Сөзімізге дәлел Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова күні кеше «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің еңбекақысы артатыны туралы жасаған мәлімдемесі.
«Қазгидромет» қызметкерлерінің жалақысын көтеру үшін қаражат бөлуге қол жеткіздік. Биыл олардың жалақысы 26-дан 111%-ға көтеріледі. Бүгін Сенат «Республикалық бюджетті түзету туралы» Заңды қабылдады. Онда «Қазгидромет» қызметкерлерінің жалақысын көтеруге қаражат көзделген. Қолдау көрсеткені үшін барлығына алғыс айтам», - деп хабарлады министр Зүлфия Сүлейменова.
Қолайлы ауа райы көп болып, табиғат тосын мінезін аз көрсетіп, метеоролог мамандарымыздың жағымды болжамының арқасында ел тұрғындарының жоспары дәл уақытында жүзеге аса берсін.