Үндістанның Нью-Дели қаласында бокстан әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Алуа Балқыбекова қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өткен жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алуа Балқыбекова 48 келіге дейінгі салмақта үндістандық, жастар арасында дүниежүзілік додада екі рет топ жарған Ниту Гангаспен шеберлік байқасты.
Өткен жылы Ыстанбұлда өткен әлем біріншілігінде Алуа қарсыласын жеңген еді.
Бұл жолы бірінші раундта бес төрешінің үшеуі қазақстандық боксшы басым деп тапты. Екінші кезеңде таразы басы үндістандыққа ауды. Ақыры қазылар жеңісті үндістандық боксшыға беріп, Алуа Балқыбекова қола жүлдені қанағат тұтты.
Бүгін Қазақстаннан тағы бес боксшы шаршы алаңға шығады.