06.01.2017, 04:04

Атбасарда мектеп оқушысы темір жолда тоққа түсіп қайтыс болды

Темір жолдың бойымен кетіп бара жатқан 15 жастағы жеткіншек тоққа түсіп қайтыс болды деп жазады Informburo.kz. Қайғылы оқиға Ақмола облысының Атбасар қаласындағы темір жол станциясында орын алған.

"5 қаңтар күні сағат 09:39-да 15 жастағы жеткіншек темір жолдың бойымен кетіп бара жатқан. Жолды кесу үшін ол вагонның үстіне шыққанда жоғары кернеулі электр сымына тиіп кеткен. Оны тоқ ұрып, сол жерде қайтыс болды", - дейді Ақмола облысы бойынша ТЖД-нің мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы Нұрбек Мусин.

Мамандар әзірге өзге ақпарат бере алмайтындарын айтты.

Айта кетейік, дәл осыған ұқсас жағдай былтыр жазда Шымкентте орын алған болатын. Ол кезде 5 жасар бала көшедегі шамның бағанынан ұстаған сәтте оны тоқ ұрған. Тіпті, сәбиге көмектеспек болғандар да жараланыпты. Ал, 10 күн есін жимаған кішкентай бала аурухана төсегінде көз жұмды.