03.03.2023, 16:30

«Халықтың ақ батасына бөленіп жүрген бақытты жандармыз» - Өрт сөндіруші

Фото: malim.kz
Кейде бір тәулікте болған өрттің әсерінен үш күн бойы шыға алмай қалып жатамыз.

Құтқарушылардың бір жұмыс күні екіншісіне ұқсамайды. Әр күнде түрлі жағдайдың оның ішінде қауіптің куәсі болады. Мамандыққа деген асқан сүйіспеншілік болмаса, екінің бірі олардың күнделікті жұмысын атқара алмасы анық. Құтқарушылардың жұмыс барысы туралы кеңінен білу үшін Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және Авариялық құтқару жұмыстары қызметінің» құтқарушысы Ролан Нұрланұлына бірер сауал жолдаған едік. Айтуынша, құтқарушылар өз ішінде бірнеше бөлімдерге бөлінеді екен.

«Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдері және жай өрт сөндіру бөлімі бар. Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аты айтып тұрғандай онда техникалар да, жеке құрам саны да көп. Өрт сөндіру бөлімінде ондай көп емес». Ал, тапсырмаға қалай бөлінесіздер деген сұрағымызға былай жауап берді:

«Оқиға орнына келіп жеткенде қарауыл бастығы құрамға бұйрық береді. Сол тапсырылған міндетке қарай әркім өз жұмысын атқарады». Күнделікті жұмыстың қиындығын құтқарушылар оңай еңсереді. Сөзінше, олар салауытты өмір салтын ұстанады және шынығуды ешқашан кейінге қалдырмайды.

«Әр кезекшілік сайын біліктілікті арттыру мақсатында жаттығулар өтеді. Физикалық тұрғыда дайындықты жақсарту үшін ай сайын тыныс алу аппаратымен жұмыстар жүргіземіз. Біздің жұмыстың тағы бір ерекше тұсы осы. Үнемі дене жаттығуымен айналысып, қозғалыста болу керек», - дейді ол. Одан бөлек құтқарушылар ұжымдық жұмысты жұмыла атқарады, өрт өтінде бірге жүретін әріптестері оттан да ыстық: 

«Қиын жұмыстың тартымды тұсы  ұжымдастармен арадағы сыйластық. Оқыс оқиға мен төтенше жағдайларда бірге жүретін әріптестермен бір үйдің баласындай болып кеттік. Бұл бір жағынан сыйластыққа, ұйымшылдыққа және бауырмал болуға тәрбиелейді». Әйтсе де жас құтқарушы қызметтерінің оңайға соқпайтынын да жасырмады. 

«Біз тәулік бойы жұмыс істеп, үш күн демаламыз. Кейде бір тәулікте болған өрттің әсерінен үш күн бойы шыға алмай қалып жатамыз. Яғни, бір күндік жұмыстың ауыртпалығы одан да көп күнге татиды, демалып үлгермейтін кездесеріміз болады», - дейді ол. Бірақ оның барлығына қарамастан өз міндеттеріне әрқашан адал, анттарына берік. Өйткені, өртті сөндіргеннен кейін үй иесінің айтатын алғысы оларды қанаттандырады екен. 

«Тілсіз жауды ауыздықтағаннан кейін үй иелерінің айтатын рақметі мен жаудыратын алғысы оған дейінгі арпалысты ұмыттырып жібереді. Сондай кезде өзімнің абыройлы мамандығыммен мақтанамын және бекер таңдамағаныма көзім жетеді. Біз халықтың ақ батасына бөленіп жүрген бақытты жандармыз», - дейді өрт сөндірушіміз.

Сөз соңында мемлекет тарапынан оларға жасалатын қамқорлыққа өз алғысын білдірді. Атқарып жүрген істерінің елеусіз қалмайтынына іштей қуанатынын жеткізді. Президенттің тапсырмасына сәйкес биылдан бастап құтқарушылардың еңбекақысы 10-нан 70 пайызға дейін көтерілгені де олардың жұмыс істеуіне жаңадан тың серпін берген. Артылған міндетті әрі қарай да абыроймен атқаруға деген құлшыныстары еселеп артқанын жасырмады. Қызметтің қиындығына байланысты өрт сөндірушілердің зейнетке шығу жасының да салыстырмалы түрде басқаларынан төмендегі ол маман иелері үшін әділетті шешімдердің бірі екенін де тілге тиек етті.