$ 489.06  536.21  5.05

Қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің бірегейлігі неде?

Біздің ең басты бірегейлігіміз – халықтар арасындағы өзара түсіністік.
Фото: kaznu.kz
Фото: kaznu.kz

Адамзат тарихында бірлік қашанда жоғары бағаланып келді. Бірліктің арқасына мемлекеттер мен халықтар тау қопарып, шыңға шықты, тіршілік тынысын жақсартты, дамыды. Қазақстан да өз алдына тәуелсіз ел болғалы жүзден астам этнос өкілімен бір шаңырақ астында тату өмір сүріп келеді. Қазақстанда тұратын халықтардың әрқайсысы бірегей, сонымен бірге олар қазақстандықтар деп аталып тату тұратын тұтас бір халықты білдіреді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат агенттігі.

Түрлі халықтарды Қазақстан аумағына депортациялау 1920-1940 жылдары, Кеңес өкіметі оларды қоныстанған жерлерінен күштеп шығара бастаған уақыттан басталды. 1928-1936 жылдары Қазақстанға Ресейден, Украинадан және Беларусьтен 360 мың адам жер аударылды. 1937 жылдан бастап Қиыр Шығыстың мемлекеттік шекараға жақын аудандарынан, корей халқын Орталық Азияға күштеп қоныстандыра бастады.

1940-1941 жылдар аралығында Қазақстанға 100 мыңға жуық поляк жер аударылды. 1943-1944 жылдары елімізге тағы 507 мың балқар, қарашай, ингуш және шешендер, 110 мың түрік, 180 мың қырым татарлары күштеп қоныс аударылды. Барлығы 1937-1944 жылдар аралығында Қазақстанға 1 миллион 209 мың адам, ал эвакуацияланғандармен бірге 1 миллион 740 мың адам жер аударылды.

Депортацияланған халықтар да қарап жатпады, адал жұмыс істеді, жергілікті тұрғындарға айтарлықтай көмек көрсетті. Олардың арасында Солтүстік Қазақстандағы Есіл өзенінің маңындағы ауылда неміс отбасында өмір сүрген әйгілі жазушы Герольд Бельгер де болды. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқы қоныс аударушыларды жылы шыраймен қарсы алды.

Қазіргі Қазақстан халқы – бұл КСРО-ның әр түкпірінен шыққан, біріккен идея мен бауырластық рухымен тамырланған халықтар. Қазақстандықтар шын мәнінде бауырлас халық, бірақ бейбіт өмірге жету, келісімге келу және жаңа мекен табу жолында олар бірқатар қиындықтан өтуге мәжбүр болды.

Бүгінгі таңда бұрынғы қоныс аударушылардың ұрпақтары бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келеді. 

Әзірбайжан мәдени орталығының төрағасы Асылы Осман Қазақстандағы бірегейліктің негізгі ерекшелігіне қатысты ойын айтты.

«Біздің ең басты бірегейлігіміз – халықтар арасындағы өзара түсіністік. Біздің Президентіміздің этностар арасындағы бейбітшілік пен достыққа бағытталған саясаты туралы ұмытпауымыз керек. Қазақ халқының табиғи мейірімділігі де маңызды рөл атқарады. Өйткені, қазақтар өз отандастарын ұлттық немесе діни негізде бөлмейді. Әр халық діни төзімділікке ие болуы керек және сонымен бірге өздерінің ұлттық дәстүрлерін құрметтеуі тиіс. Бұл – ұлтаралық келісімнің басты қағидаты. Біздің барлық ұлттар мен барлық діндер өкілдерінің теңдігі заң жүзінде бекітілгені де маңызды, ал кейбір басқа елдерде ондай нәрсе жоқ. Жалпы, ең бастысы – қарым-қатынас, өйткені қарым-қатынас кезінде адамдар басқа халықтардың мәдениетін біле түседі», - дейді ол.

Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық этностардың мүддесін біріктіретін және азаматтардың ұлттық қатыстылығына қарамастан олардың құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ететін маңызды элементке айналды. Бірегей қоғамдық-саяси институт бола отырып, ҚХА өзінің маңыздылығы мен қажеттілігін тұрақты негізде растай алды. Бүгінгі таңда оның әлемде баламасы жоқ.

Айта кету керек, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Мәдениет туралы», «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» және басқа да бірқатар заң жобаларын дайындауға белсенді қатысты. Ассамблеяның халықаралық беделі де өсті. Қазақстанның тәжірибесі бойынша ТМД-ның бірқатар елінде осындай қоғамдық құрылымдар құрылды.

Әлемдік қоғамдастық қазақстандық тәжірибені зор ықыласпен зерделеуде. Шетелде Ассамблеяның республиканың көпұлтты халқының өміріндегі рөлі туралы ірі халықаралық конференциялар өткізілді. Қазақстандық тәжірибе халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды. Бір кездері БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстанды «әлемнің басқа мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты және берік дамудың үлгісі», - деп атаған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары