28.03.2023, 15:40

Оралда ондаған қылмыстық іске қатысы бар күдікті қолға түсті

Фото: Zakon.kz
Ол ұрлықпен және алаяқтықпен айналысқан.

Орал қалалық полиция қызметкерлері 10 қылмыстық іске қатысы бар деген күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Орал қаласында бірнеше адамнан қоңырау шаламын деген желеумен телефондарын сұрап алып, қолды еткен 27 жастағы тұрғыны ішкі істер органдарының іздеу есебіне алынған.

«Күдікті телефондарды ұрлап қана қоймай, одан әрі сол ұрланған телефон иелерінің атына Халық банк, Kaspi.kz арқылы қомақты сомаларға несие ресімдеп оны айлакерлік құйтырқы амалдармен кәсіпкерлік шоттарға аударып отырған», - делінген хабарламада.

Жәбірленушілерден келіп түскен арыздар және олардың сипаттаулары арқылы күдіктінің кім екені белгілі болса да, оның болу орнын анықтау мүмкін болмады. Полиция қызметкерлері жүргізген іздеу іс-шаралары нәтижесінде күдікті Ақсай қаласынан такси арқылы келе жатқан жерінен қолға түсті.

«Тергеу барысында оның Ақсай қаласында да автокөлік ұрлағаны, басқа да ұсақ ұрлықтар жасағаны анықталды. Қазіргі уақытта күдікті азаматқа қатысты 10 эпизодтық іс тіркеліп отыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», - делінген ПД хабарламасында.

Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық), 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) және 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.