Бүгін таңға жақын Шымкенттің қақ ортасындағы «Кәмшат» мейрамханасында атыс болып, бір адам қаза тапты. Бұл туралы жергілікті «Отырар» телеканалы хабарлап отыр.
Мейрамханадағы көңілді отырыс соңы ерегіске ұласқан. Куәгерлердің айтуынша, бірнеше ер азамат жанжалдасып, араларында біреуі қару атыпты. Мейрамханада болғандар қарудың 5 рет атылғанын естігенін айтып отыр. Алайда, оқиға орнына дереу жеткен полицейлер 7 оқтың гильзасын анықтаған.
Жедел жәрдем дәрігерлері мен полицейлер оқиға орнынан жәбірленгендерді таба алған жоқ. Есесіне оқ тиіп, ауыр жараланған адамның денесі жақын маңайдан - Тәуке хан мен Қазыбек би көшелерінің қиылысынан табылған.
«9 қаңтар күні таңғы сағат 05:20-да жедел жәрдем кезекшісі атыс болғаны туралы хабарлама алған. Біздің 13-ші бригада оқиға орнына дереу жетіп келді. Біз кеудесіне оқ тиіп, қансырап жатқан ер азаматтың денесін таптық. Дәрігерлер келген кезде ол тіршілік белгілерін көрсетпеген», - дейді жедел жәрдем дәрігері Қолдашев.
ВИДЕО +18