Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Таутүрген ауылында 50 жастағы ер адамды 9-сыныптың оқушылары аяусыз соққыға жықты. Жәбірленушінің қазіргі жағдайын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
Оқиға 6 наурызда Түрген ауылында болған. Елуді алқымдаған ел ағасы Назар Тілекеев түнгі ауысымда жүріп, дүкенге барып темекі сатып алмақ болған. Әшейінде ашық тұратын дүкендер сол күні ерте жабылған. Сол маңда тұрған үш ер адамға жақындап, темекі сұраған. Назар Тілекеевтің айтуынша, үш ер адам бөтелкемен арақ ішіп тұрған. Өзара сөйлесіп отырып, аяқасты жанжал шығады.
"Мен олардан темекі сұрадым. Бірақ олардың темекі тартқанын көрмедім. Бірақ бөтелкемен арақ ішіп тұрды. Оларға не дегенім есімде жоқ, бірақ соққыға жығатындай ешнәрсе айтпадым. Біреуі басымнан тепті. Құлап қалдым, артынша тағы тепті. Орнымнан тұрғызбай соға берді, басыма дәрет сындырды", - дейді ол.
Алматы облысында жасөспірімдер соққыға жыққан ер адамның жағдайы әлі де ауыр © Sputnik/Ертай Сарбасов
Назар Тілекеевтің 17 жерден қабырғасы сынған, миы шайқалған. Қазіргі күні жүрек, өкпе, бүйрегі дұрыс жұмыс істемейді. Ол жалданып күніне 8000 теңге табатын. Қазіргі күні атпалдай ер азамат еңбек етпек тұрмақ, орнынан тұрып, ас ішуге жарамай қалған. Қазір Назарды 76 жастағы анасы Фарзана әжей бағып отыр. Баласын әлпештеген ананың еңірегенде етегі жасқа толады.
"Жаңағы ұрған баланың шешесі: "балаларға түк те болмайды, полицияға ақша төлеп құтылып кетеді" деп айтыпты. Ол балаларды соттатып, болашағына балта шабайық деген ойымыз жоқ. Аман болсын, бірақ жаман болмасын. Тек мына мүгедек болып қалған баламды аяғынан тік тұрғызып берсін", - дейді Фарзана Тілекеева.
Назар Тілекеевті 76 жастағы анасы Фарзана әжей бағып отыр © Sputnik/Ертай Сарбасов
Фарзана әжейдің екінші ұлы да қаскүнемдердің қолынан ажал құшқан. 37 жастағы жігітті аяусыз соққыға жығып, мәйітін есік алдына қалдырып кеткен. Жүрегі шайлыққан ана енді "атам дегізсең де, ботам дегізбе" деп Алладан ұлы Назардың амандығын тілеп, жылаумен таң атырып, күн батырып жүр.
Жасөспірімдердің екеуі мүйізі қарағайдай 140 жылдық тарихы бар Ломоносов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушылары, біреуі колледж студенті. Оқушының бірі бірінші тоқсанның аяғында Орынбетов мектебінен ауысып келген.
"Соққыға жыққан оқушының бірі бізге бірінші тоқсанның аяғында ауысып келді. Міне, ол оқушы келгелі бума-бума хаттама толтырумен келеміз. Өйткені оқушының мектептегі тәртібі өте төмен. Бұл оқушы 14 жасында дүкенге түскен. Сосын бір оқушыны суицид жасауға дейін жеткізіп, ол мектептің ата-аналары "қай жерде тұрады, сол жердің мектебіне барсын" деп қарсы шыққан. Ал ол оқушы біздің мектептің қасында тұрады. Сол себепті біздің мектепке келді. Біздің мектепте жүріп, қызға таласып 9-сынып оқушысын аяусыз соққыға жығып, ол ауруханаға жатып шықты", - дейді Ломоносов атындағы мектептің директоры Гүлнәр Мусина. Ал оқушылардың бірі ұрмағанын, тек қарап тұрғанын айтып ақталған. Мектеп басшылығының айтуынша, екі оқушының бірі өкінгенде өзегі өртенсе, енді бірі тіпті анасына да жаны аши қоймайтынын айтқан. "Сайып келгенде барлығы отбасындағы тәрбиеден. Екі оқушының бірі біресе әкесімен, біресе шешесімен тұрады. Әкесіне барып едік, басын ала қашты, ал шешесі "менің балам соққан жоқ" деп шаң жуытпады. Керісінше "менің балам өте кекшіл" деп өзімізге доң-айбат көрсетіп кетті", - дейді мектеп басшылығы.
Ал "соққан балалар ақшамен құтылады" деген қауесет туралы облыстық полиция департаментінен сұрадық. "Бұл қауесет еш шындыққа жанаспайды. Біз тоқсаныншы жылдары өмір сүріп жатқан жоқпыз. Мұндай ақпарат біздің төбе құйқамызды шымырлатады. Бүкіл Қазақстанға жайылып кеткен ақпаратты бүркемелеу мүмкін емес. Жәбірленуші ауруханадан енді ғана шықты. Ауру тарихы ауруханадан шыққан соң беріледі, сосын сараптама тағайындалады. Сол сараптамадан соң шешім шығарылады. Ол балалар жауапкершіліктен еш құтыла алмайды. Тіпті жәбірленуші кешірім бергеннің өзінде бұндай қылмыстан оңай құтылып кетпейді", - дейді Алматы облыстық ПД баспасөз жетекшісі Ернар Сайдильдин.