30.03.2023, 20:30

Павлодар түрмесінде сотталушылар өз-өздерін шегемен жарақаттаған

Фото: pixabay.com
Оларда пышақ жарақаты болған жоқ.

Павлодар қаласындағы №46 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан төрт сотталушы өз-өздерін жарақаттаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы Жергілікті қылмыстық-атқару жүйесі департаменіті мәлім етті.

Ведомство мәліметінше, әуелі жедел жәрдем қызметі арқылы іш қуысының жарақатын алған 1991 жылғы сотталушы ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған алғашқы медициналық көмек көрсетті. Жазасын өтеуші стационарда қалудан бас тартып, түзету мекемесіне оралды. 1978 жылғы азамат та дәл осындай жарақатпен емдеу мекемесінің көмегіне жүгінді. Сол сияқты тағы екі сотталушы өздеріне дене жарақатын салыпты.

Төрт оқиға да 29 наурыз күні, бірақ әр түрлі уақытта болған.

"Жазасын өтеушілердің мұндай әрекетке баруына олардың бейнебақылау камераларын орнатуға қатысты әкімшіліктің жасаған ескертуі себеп болған. Оларда пышақ жарақаты болған жоқ. Заңға қайшы әрекеттер жасауда сотталушылар шегені пайдаланған. Барлығына медициналық көмек көрсетіліп, кейін қайтадан түзету мекемесіне оралды", - делінген департамент хабарламасында.

Аталған фактілер бойынша қызметтік тексеріс басталды. Полиция тергеу жүргізуде.