$ 498.34  519.72  4.85

Атырауды қою түтін басып қалды

Тұрғындар желіде шағым айтып жатыр.

Каспий жағалауында жанған қамыс түтіні Атырауды басып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қаласын түтін тұмашалап тұр. Тұрғындар желіде шағым айтып жатыр.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Каспий теңізінің жағалауында қамыс өртенген.

«Каспий теңізінің жағалауындағы «Ақжайық мемлекеттік табиғи резерватының аумағында қамыс жанып жатыр. Бұл – Атырау қаласының маңындағы Дамбы ауылынан 30 шақырым қашықтықтағы аумақ. Бүгін, 2 сәуірде жергілікті уақытпен сағат 19:00 шамасында қамыс өрті шамамен 85 гектар аумақты шарпыды. Төтенше жағдайлар және «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері 80 гектар аумақтағы өртті сөндірді. Жел екпіні өртті сөндіруге қиындық келтіріп тұр. Елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Теңіз жағалауындағы 5 гектардағы қамыс өртін сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінен 10 қызметкер, 2 техника, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 30 адам, 9 техника, 2 қайық, 4 мотопомпа тартылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының Ресеймен шекарасындағы Қиғаш өзенінің жағалауында қамыс өртенгенін жазған болатынбыз.

Кейін Атырау тұрғындары ауадағы сасық иіске шағымданын хабарлаған едік.

Ауадағы жағымсыз иіске байланысты экологтар Атырау ауасында күкіртті сутек шекті нормадан асып кеткенін айтады.

«Квадрат» булану алаңын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқан «Павлодар өзен айлағы» АҚ өкілдерінің қатысуымен атмосфералық ауадан сынама алынды. «Квадрат» булану алаңында жүргізілген мониторингтің нәтижесінде күкіртті сутек ингредиентінің рұқсат етілген шекті шоғырланудан асу фактісі анықталды», -деп хабарлаған еді экология департаментінің баспасөз қызметі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары